«Қарғыбаулы қасқыр» оқырманға жол тартты

Ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Қарғыбаулы қасқыр» атты су жаңа хикаялар жинағы жарық көрді. Аталған кітаптың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Ұларбек Дәлейұлы
Фото: Бейсен Сұлтан

Жазушының «Қарғыбаулы қасқыр» атты бұл кітабында екі алып империяның ортасында, қыспақта ғұмыр кешкен қазақтардың өткен ғасыр ортасындағы тайталасқа толы ауыр тағдыры, арғы бет қазақтарының басқыншыларға қарсы жүргізген қиянкескі соғыстары ерлік, рух тілімен тамаша баяндалады.

кітап
Фото: Ризабек Нүсіпбек

Жайшылықта мал бауыздауға да дәті бармайтын биязі, момын жігіттердің ел шетіне жау тигенде қандай сұрапыл қаһармандарға, даңқты мергендерге айналғанын оқып таң қаласыз.

Автордың айтуынша, оның бұл кітапты жазудағы мақсаты — қазіргі сан тарауға бөлінген қоғамді біріктіру, сондай-ақ өсіп келе жатқан жас жігіттердің намыс жігерін ояту болған.

«Менің басты мақсатым — өзінің ұлттық рухынан адасып, сана түрлі бағытқа бөлініп бара жатқан замандастарымның басын біріктіруге ұмтылу. Сонымен қатар, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың ұлттық санасына сілкініс жасау болатын. Сол үшін өткен ғасырда арғы беттегі қазақтардың жаумен күресудегі ерекше ерліктерін тарихи деректерге сүйене отырып жазып шықтым. Осы алдыға қойған жоспарым орындалды деп ойлаймын, өйткені кітапты оқыған барлық оқырмандарым жоғары бағасын беріп жатыр», дейді ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы.

Ұларбек
Фото: Ризабек Нүсіпбек

Айта кетейік, аталған кітаптың тұсаукесеріне мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Абзал Құспан қатысты.

Баспадан шыға сала-ақ қалың оқырманның назарын аударған осынау кітап Республика көлеміне кеңінен тарап жатыр. 

Кітап
Фото: Ризабек Нүсіпбек

 

Соңғы жаңалықтар