Кәрілік пен мүгедектік адамның спортпен шұғылдануына кедергі емес - алматылық қария

Абдуғани Ахмедов 1961 жылы Ташкент қаласында туған. Бала кезінен спортқа әуестігі болыпты.
«Бала күнімде, 6, 7-сыныпта оқыған кезде ауыр атлетикамен айналысқанмын. 1980-жылдары аздап атлетикалық гимнастика, каратэ, таэквондомен шұғылданғаным бар. Дегенмен, ешқандай жарысқа қатысып көрмеппін. 9-сыныптан соң Ташкенттегі №140 жиһаз училищесіне оқуға түсіп, «жиһаз жасаушы» мамандығын алып шықтым. Кейін әскерге кеткенше, Ташкент фабрикасында жиһаз жасаушы болып еңбек еттім. 1979-1981 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышымды атқардым. Әскерден соң түрлі зауыт, фабрика, құрылыстарда дәнекерлеуші, краншы болдым», - деп еске алады Абдуғани аға.
Жас күнінде аяқтарын жарақаттап алады. Содан оң аяғына инфекция түсіп, тізесіне дейін ампутация жасалады. Бір аяғынан айырылса да, жігері жасымай, ертеңгі күнге сеніммен қарап келе жатыр.
«1986 жылы аяқтарымды жарақаттап алдым. Кейіннен оң аяғыма инфекция түсіп, тізеге дейін ампутациялауға тура келді. 2017 жылы бұл операция сәтті жасалды. Ал, 2018 жылы Алматы зауытында мен үшін арнайы протез дайындалып шығарылды. Қазір ІІ топтағы мүгедекпін. Негізі сау сол аяғымды жақсы жұмыс істейді деп айта алмаймын. Дегенмен, дәрігерлердің көмегімен оны ампутациядан аман алып қалдық», - дейді ол.
Ол 2021 жылдан бастап спортпен, дәлірек айтқанда фитнеспен айналысып келеді. Бір протез аяқпен спортпен шұғылдану аса қиын емес екенін айтады.
«Қазір фитнес залына барып, денсаулығымды күтіп жүрмін. Өткен жылы желтоқсан айында қалалық «Спорт лига» жарысына қатысып, екі медальға ие болдым. Атап айтқанда, 70 кг штанганы жатып көтеру және 16 келілік екі гірді тұрып көтеруден бірінші орын алдым. Сондай-ақ, ол жарыста қазір көп таныла қомайған күрестің жаңа түрі «мас-рестлинг» бойынша өзімді байқап көрдім. Өткен жылы дәл 31 желтоқсан күні 87,5 келі салмақтағы штанганы жатып көтердім. Бұл мен үшін зор жетістік болды. Мен үшін бір протез аяқпен спортпен шұғылдану аса қиын емес», - дейді кейіпкер.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген ұстаныммен өмір сүретін Абдуғани ағаның спорттан бөлек, ұсталық, зергерлік өнері бар. Ол өз қолымен темірден түрлі сәндік бұйымдар жасайды.
«Бұл іспен айналысып жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Нақты айтқанда, аяғыма операция жасар алдында бастағам. Ең әуелі, темірден гүл қоюға арналған тіректер, кейін шам ұстағыштар жасап, сосын басқа да интерьер бұйымдарын жасауға көштім. Осының барлығын YouTube арқылы өзім үйрендім. Ұсталық жұмыспен үйімнің жанында қоршалмаған шағын цехымда, тек жазғы уақытта айналысамын», - дейді Абдуғани аға.
Қажетті материалды сатып алады. Арасында тапсырыс қабылдайды.
«Кейде тапсырыспен жұмыс істейтін кездерім болады. Мысалы, тапсырыспен үйдің кіреберісіне темір ілгіштер және ағаш қабығы, жүзім бейнелерін темірден жасадым. Сонымен бірге, ескі кір жуғыш машинаның моторынан шағын токарлық станок жасадым. Ол қазір жақсы жақсы жұмыс істеп тұр», - дейді еңбек адамы.
Сонымен қатар, ол сурет салу, ілмекпен тоқу, дәмді тағамдарды пісіру өнерін меңгерген адам.
«Аяғыма операция жасалған соң, бос уақытым көп болды. Осыны пайдаланып, видео сабақтар арқылы қарындашпен сурет салуды үйрендім. Осылайша, өз қолыммен табиғатты, қысқы пейзаж, теңіз толқыны, ағаш, ескі тақтаның суреттерін салдым. Сонымен қатар, ілмекпен ойыншықтарды тоқимын. Ет қосылған тәтті бәліштер пісіре аламын», - дейді қария.
Ақсақалдың өмірдегі қиын сәттерде, аяғына операция жасайтын кезде, операциядан кейін, басқа да сын сағаттарда жанынан табылып, зор қолдау көрсеткен жан жары Роза апайға алғысы шексіз.
«Ол менің сондай қиын сәттерімде үнемі маған қолдау көрсетіп, қолтығымнан демеп келеді. Операциядан соң маған көп көмек көрсетті, күтіп-бақты. Депрессияға түсуден сақтады. Тіпті, жоғарыда айтқан өнердің бәрін әйелімнің арқасында үйрендім десем болады. Себебі, операциядан соң ол маған компьютерді, қажетті құрал-саймандарды алып берді. Мен солармен жұмыс істеп, алданып, күйзеліс атаулыдан құтылдым», - деді Абдуғани аға.
Сөз соңында ақсақал жастарға айтар ақыл-кеңесімен бөлісті.
«Егер адам өз алдына биік мақсат, талап қойса, онда оған ол қалайда жетуі керек және оған мүгедектік ешқандай кедергі болмауы керек. Жалпы, адамның жасы мен мүгедектік спортпен айналысуға кедергі емес. Ал, бүгінгі жастарға айтар ағалық ақылым – өзі ұнатқан пайдалы іспен шұғылдансын, алтын уақытын білім алу, еңбек ету, өнер үйрену және спортпен айналысуға жұмсасын», - деген ізгі тілегін білдірді Абдуғани Ахмедов.
Фото сұхбат берушінің жеке мұрағатынан