Кәрім Мәсімов ірі халықаралық компаниялар өкілдерімен жұмыс кездесуін жалғастырды
К.Мәсімовтің «Камеко» корпорациясының бас атқарушы директоры Джеральд Уэйн Грандимен кездесуі барысында атом өнеркәсібі саласындағы стратегиялық әріптестік мәселелері қаралды.
Қаржы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тақырыбы Премьер-Министрдің «HSBC Ваnk Plc.» халықаралық банктер тобы бас басқарушысы Зарир Камамен, сондай-ақ «JP Morgan» инвестициялық банкі директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Робин Ренвикпен кездесулерінде өрбіді.
Премьер-Министрдің «ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг Лтд.» президенті Андрей Кузнецовпен, «ЭксонМобил» корпорациясының аға вице-президенті Марк Алберспен, «Шелл» компаниясының жобалар мен технологиялар бойынша атқарушы директоры, атқару комитетінің мүшесі Матиас Бихселмен, «КонокоФиллипс» компаниясының президенті және бас операциялық директоры Джон Керригпен, сондай-ақ «Тоталь» компаниясының атқарушы вице-президенті Ив-Луи Даррикарэрмен кездесулерінде ұлттық экономиканың энергетикалық секторындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Финмекканика» итальяндық машина жасау компниясы қызметінің перспективалары Кәрім Мәсімовтің компания төрағасы және бас атқарушы директоры Пьер Франческо Гуаргалинимен кездесуінде әңгіме болды.
Қазақстан Республикасының Жеделдете индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы ауқымындағы ынтымақтастық мәселелері Кәрім Мәсімовтің «Кредит Суисс» банкінің Орталық және Шығыс Еуропа, бұрынғы Кеңес Одағы, Израиль және Түркия елдері бойынша инвестициялық-банк қызметі бас директоры Вадим Бенятовпен кездесуінде талқыланды.
Елдің телекоммуникациялық нарығын дамыту мүмкіндіктері К.Мәсімовтің «TeliaSonera» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Ларс Нибергпен кездесуі кезінде талқыланды.