Қарин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Съезді одан әрі дамыту және халықаралық мәдени ынтымақтастық мәселелері жөнінде кеңес өтті. Оған Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен салалық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Қарин діни лидерлер съезінің келесі жиынына дайындықты пысықтады
Фото: Ақорда

Жиында 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын іске асыруға айрықша назар аударылды. Қатысушылар Хатшылықтың XXIV отырысының құжаттарын, соның ішінде Дін саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексін, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі туралы құжатты және Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартияны халықаралық деңгейде ілгерілету мәселесін талқылады.

Вице-президент Съездің халықаралық беделін нығайту үшін аралық кезеңде жүйелі жұмыс жүргізудің маңызына тоқталды. Ерлан Қариннің пікірінше, Съезд бен Хатшылық шешімдерін орындауға, сондай-ақ Съезд бастамаларын ілгерілету ісіне халықаралық серіктестерді тартуға баса мән берген жөн.

Күн тәртібіне Хатшылықтың мерейтойлық XXV отырысына және IX Съезге дайындық, соның ішінде Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығының жұмысын жетілдіру мәселелері шығарылды.

Отырыс барысында халықаралық мәдени ынтымақтастықтың жай-жапсары, атап айтқанда, ИСЕСКО-ның «Түркістан — ислам әлемінің 2027 жылғы мәдени астанасы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық және Түркі өркениеті орталығын құру жайы қаралды. Сонымен қатар Дамаскідегі Бейбарыс сұлтан кесенесі мен Әл-Фараби орталығына байланысты мәселелер қозғалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Вице-президент Съезд шешімдерін іске асыру, алдағы іс-шараларға дайындалу және ведомствоаралық координацияны күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Еске салайық, бұған дейін Вице-президент Ерлан Қарин әл-Фараби, Абай, Ясауи және басқа да ұлы ойшылдардың мұрасын білім беру жүйесі мен жастар тәрбиесіне кеңінен енгізу қажеттігін айтты.