Қазақтың сары майды шетелден тасуы - сорақылық — Ермұрат Бәпи

АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылдан бастап Отандық тауар өндірушілері тізіліміне енген компанияларға жеңілдіктер беріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. 

Ермұрат Бәпи
Фото: Мәжіліс

Отырыс барысында депутат Ермұрат Бәпи күрделі мәселелердің бірі — отандық өндіріс пен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанына алаңдаушылық танытты.

— Мемлекеттік несиелік бағдарламалардың көмегімен салынған өндірістік кәсіпорындар 40-50 пайыздан аспайтын қуатта жұмыс істеп жатыр. Бюджеттің есебінен, мемлекеттік қаржыға салдырып, ол кәсіпорындарды нарыққа «лақтырып» жібереміз. Мәселен, «Даму» және басқа да қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан жартылай мүмкіндікте ғана жұмыс істеп жатыр. Есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтың азық-түлігі жаулап алған. Ит өлген, ит емес-ау кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Жаңа Зеландиядан май тасу ұят қой. Ал біздің өндірісіміз тоқтап тұр. Балтық жағалауынан май тасимыз. Май өндірген қазаққа отандық өндірісімізді қолдамай сырттан делдалдардың көмегімен сары май тасу - сорақылық. «Самұрық-Контракшн» компаниясы мемлекеттік несие салдырған құрылыс зауыттары банкрот болудың алдында тұр. Оларда айналым жоқ. Үкіметте тұтас ұстаным жоқ. Осы орайда мемлекеттік бағдарлама қажет деп ойлаймын. Мемлекеттің ұстанымы қандай? Не істеп жатыр? — деп сұрады депутат вице-премьерден.

Сауалға жауап берген Қанат Бозымбаев отандық өндірушілер ішкі нарықта бәсекелестікке сай болса, импорт тоқтайтындығын айтады.

— Мысалы, сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр. Қазір сүт өңдеу зауыттарына Үкімет тарапынан қаншама көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ, әлі күнге дейін ішкі нарықты 100 пайыз қамтамасыз еттік деп айта алмаймыз. Болашақта көп жұмыс істеу керек. Әрине, тиісті жоспарлар бар. Министрлік өткен жылы заңға қажетті түзетулер енгізіп, отандық тауар өндірушілер тізілімін электронды порталға қосты, — деді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта тауардың сәйкестігін білдіретін сертификаттар жойылады.

— Тізілімге кірген компаниялар келесі жылдан бастап «Самұрық-Қазына» тарапынан, тиісті мемлекеттік органдардың тарапынан жеңілдіктер алады. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетикалық секторды жаңғыртуға бағытталған үлкен жобаны қолға алдық. Ол жобаға қажетті өнім шығаратын отандық тауар өндірушілер бар болса, онда мердігерлер соның тауарларын — құбырларын, электр желілерін, трансформаторларын 100 пайыз сатып алып, жылу беру компаниясының жабдықтарына енгізеді. Бірақ, бұл мәселе тиісті халықаралық шарттарға сай келмей жатыр. Алайда, соған қарамастан қолға алдық. Мысалы, 6,6 трлн теңге тек коммуналдық желілерді жаңғыртуға қарастырылған. Оның ішінде шамамен 2 трлн теңгеге жуық қаражат отандық тауар өндірушілерге түседі. Жалпы, әр тауар бойынша жеке ұстаным болуы тиіс, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс мемлекеттік органдардың ел азаматтарының өтінішін қарау нәтижесін тыңдап жатыр.

Соңғы жаңалықтар