Қарызға батқан жастар көбейіп бара жатыр - Геннадий Шиповских

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Геннадий Шиповскихтің депутаттық сауалында жастарға шағын несиелердің оңай беріліп жатқаны айтылды.

геннадий шиповских
Фото: Сенат

Депуттаттың сөзіне қарағанда, жастардың көбі микроқаржы ұйымдарының агрессивті жарнамаларына оңай алданып жатыр. Соның салдарынан жоғары пайызбен қарыз алады. Бұл жағдай әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін тенденцияға айналды. 

Сенатор салалық агенттік мұндай қарыз алушылар бойынша статистика жүргізбейтінін, бұл мәселенің ауқымын шынайы бағалауға кедергі келтіретінін атап өтті. Дегенмен азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілерден алынған деректер жастар арасында борыштық жүктеменің өскенін көрсетеді. 

- Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржы ұйымдарының жастарды нысанға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттылықтың төмендігі әсер етіп отыр. Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтырып жатыр: жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін, - деді Геннадий Шиповских Сенаттың жалпы отырысында. 

Сенатор жастарға шағын несие беру тәртібін қатаңдатуды, оларды 18 жастан бастап тексерусіз ресімдеу тәжірибесін тоқтатуды ұсынды. Ол жас шегін 21 жасқа дейін көтеріп, жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайына міндетті бағалау енгізуді қажет деп санайды. 

Бұған дейін шағын және орта бизнестің қабылданған жобаларына субсидия төлеу үшін Үкімет қаражат бөлгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар