«Қарызға белшеден батқан»: ШҚО-дағы өңдеуші кәсіпорындар субсидияны жылдап күтіп отыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы өңдеуші кәсіпорындар субсидия ала алмай, дабыл қақты.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесте өңдеу өнеркәсібінің дамуын тежеп отырған мәселелер талқыға салынды.
Аймақтағы жетекші сүт өңдеуші кәсіпорындардың бірі — «Эмиль» ЖШС басшысы мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша берілетін субсидиялардың төленбей келуі қиындық тудырғанын айтты.
— Тек біздің кәсіпорынға субсидия бойынша қарыз 800 млн теңгеден асты. Соның 600 млн-ы — ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты субсидия бағдарламасына тиесілі. Жыл сайын осы қаражатқа үміт артып келеміз. Оны модернизация мен құрылыс жұмыстарына салғымыз келеді. Алайда қаржы уақтылы түспегендіктен, ештеңе жоспарлай алмай отырмыз, — дейді компания директоры Анна Аберле.
Мұндай жағдай жалғыз «Эмильде» ғана емес. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, агроөнеркәсіптік кешенді несиелендіру кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша қарыз көлемі 10 млрд теңгеге жуықтаған. Жыл соңына дейін бұл сома 16 млрд теңгеге жетуі мүмкін деген болжам бар.
— Өңдеуші кәсіпорындарға арналған үш негізгі мемлекеттік қолдау бағдарламасы бар. Біріншісі — ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу үшін сатып алуға кеткен шығынды субсидиялау, екіншісі — агроөнеркәсіп субъектілерінің несиесіндегі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, үшіншісі — инвестициялық салымдар үшін кеткен шығынның бір бөлігін өтеу. Өкінішке қарай, осы үш бағыттың барлығында жыл сайын қарыз жиналып келеді. Әсіресе несие мөлшерлемесін өтеу бойынша жағдай аса күрделі. Біз әрдайым бұрынғы және қазіргі қажеттіліктерді ескеріп өтінім береміз. Алайда төлем жергілікті бюджеттің лимиттеріне тәуелді, — дейді басқарма басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.
Мәселенің күрделене түсуіне заңдағы олқылық та себеп болған. Қолданыстағы субсидиялау ережелерінде төлем жасау мерзімдері нақты көрсетілмеген. Бұл бизнестің заң жүзінде өз мүддесін қорғауына мүмкіндік бермей отыр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, олар дамуға құйылуға тиіс қаражатты қарыздарды өтеуге жұмсауға мәжбүр.
— Мемлекеттік бағдарламалар бар. Бірақ олар тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді, — дейді өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері.
Мәселе қадағалау органдарының да назарын аудартты. ШҚО Прокуратурасы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл түйткілді шешуге атсалыспақ.
— Атқарушы органдар қаржыландыру көлемін алдын ала жоспарлап, өз міндеттемелерін уақытылы орындауы тиіс. Өңдеу секторының тұрақтылығы осыған тікелей байланысты, — дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий.
Өңір кәсіпорындары осы жылдың екінші жартыжылдығын күтіп отыр. Өйкені осы уақытта қосымша қаржы бөлінуі мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін маңғыстаулық кәсіпкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарының заңсыз қызметіне шағымданғаны хабарланған.