«Қарызсыз қоғам»: еліміз бойынша 65 мыңнан астам адам оқудан өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 1200-ден астам алматылық оқудан өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлім етті.

Айтуынша, жоба іске қосылғалы бері 12 563 қатысушыны қамтыды. Бұл жоспарланған 12 000 адамнан асты. Олардың 22,9 пайызы көпбалалы отбасылар, қатысушылардың 74,3%-ның несиелері бар, оның ішінде 13,8 пайызы төлемдерін 90 күннен астам уақыт кешіктірген.
«Жобаның мақсаты — халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, оған жеке қаржыны ұтымды басқару, шығындарды оңтайландыру және несиелер, қарыздар және жұмысқа орналасу бойынша жеке консультациялар кіреді. Оқыту міндетті бағдарламалар мен сарапшылардың кеңестерін ұсына отырып, Алматының сегіз ауданында өтті», — деп атап өтті ол.
«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлеповтың сөзінше, пилоттық кезең барысында еліміз бойынша 65 мыңнан астам адам оқудан өткен.
«Қазір заман шындығы сол — ол әр адамнан жеке қаржыны басқару негіздерін білу талап етіледі. Бұл бюджетті тиімді жоспарлау үшін ғана емес, сонымен қатар отбасының, қоғамның және жалпы елдің әл-ауқатын арттыру үшін де маңызды», — деп атап өтті Қ.Төлепов.
Еске салайық, халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жыл басында іске қосылған болатын.
Аталған жоба 2026 жылға дейін жалғасады.