Қарқаралыда маралдар табиғи ортаға қайта жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM — 2022-2032 жылдар аралығында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жартылай еркіндікте ұсталатын маралдарды қайта жерсіндіру жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Ведомство атап өткендей, жылдық жоспарға сәйкес жартылай еркіндікте бағып-күтілген маралдарды табиғи ортаға бейімдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осы жоспар аясында жартылай еркіндікте жүрген 4 бас марал толықтай еркіндікке, яғни дала жағдайына жіберілді.
— Маралдар Кент орманшылығының 103-орам, 4-теліміне шығарылып, олардың табиғи ортаға бейімделуі бақылауға алынды. Аталған іс-шара жабайы жануарлар санын сақтау мен олардың табиғи мекенін қалпына келтіру мақсатында жүргізілді, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Қарқаралы ұлттық паркі мен Науырзым қорығына өртке қарсы техника табысталғаны белгілі болды.