Қарқаралыда құқықбұзушыны атып өлтірген полицейге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Қарқаралыда құқық бұзушыны атып өлтірген полицей «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп күдіктелуде. Бұл туралы облыстық прокуратурадан хабарлады.
«Қарқаралыда полиция қызметкерінің табельдік қаруын пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 262-бабы 4-бөлімі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасы басқармасының басшысы Алмас Әбдақасов.
Еске сала етейік, Қарқаралыда полицейдің табельдік қаруды пайдалануы салдарынан 28 жастағы ер адам қаза тапты. Оқиға 24 сәуірде таңғы сағат төрттерде «Тамаша» мейрамханасының маңында орын алды.
«Қарқаралы аудандық ІІБ жол-патрульдік полициясы взводы өз қызметін атқару барысында арнайы көлікті мас бес адам тоқтатып, полицейлерді балағаттап, күш қолдануға дейін барған. Олар полицейлердің бұзақылықты тоқтату туралы заңды талабына бағынбаған. Заңға қайшы әрекеттің жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері аспанға, сосын жерге оқ атып ескерту жасаған. Алдын ала ақпарат бойынша, жерге атылған оқ ыршып кетіп оқиға орнындағылардың бірін жаралаған», - деп түсіндірді мән-жайды ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Ұсталған құқық бұзушылар полиция бөліміне жеткізілген. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жараланған ер адам ауруханада қайтыс болған.
«Прокуратура қызметкерлері қару қолданудың негізділігін тексеруде. ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп жатыр», - деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.