Қарқаралыдағы ұлттық табиғи паркінде өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда
Өрт ошақтарын жоюға мүмкіндік туғанымен, қазіргі күні өрт әлі толықтай сөндірілген жоқ, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Ведомство таратқан мәлімет бойынша, Кент орманшылығында екі өрт ошағы орманның табиғи төсеніштері мен құрғақ шөптердің жануынан өршіп кеткен. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыздықталғаннан кейін белгілі болғаны, бірінші ошақтың жер ауқымы 12,7 гектарды құраған, оның ішінде 9,4 гектар жер орманды алқап. Ал екінші ошақтың 23,5 гектар жерді жалмап кеткені, оның ішінде 17,2 гектар орман алқабының болғаны анықталды.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖД, ұлттық табиғи парктің, ерікті өрт сөндіру құрылымдарының барлық күші мен құралдары жұмылдырылды. Жалпы алғанда өртпен күреске 420 адам, 44 бірлік техника, соның ішінде бір тікұшақ тартылған, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.