Карлос Алькарас атақты теннисші Рафаэль Надальдың жетістігін қайталады

АСТАНА. KAZINFORM — Испаниялық теннисші Карлос Алькарас теннистен АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды.

Карлос Алькарас атақты теннисші Рафаэль Надальдың жетістігін қайталады
Фото: championat.com

Испаниялық спортшы финалда әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнерді ұтты — 6:2, 3:6, 6:1, 6:4.

Осылайша, К.Алькарас Я.Синнерді бір маусым барысында «Үлкен дулыға» турнирінің финалында екінші рет жеңді. Бұған дейін ол Ролан Гарроста чемпион атанған еді. Сөйтіп Алькарас 1973 жылдан бергі мерзімде өзінің атақты отандасы Рафаэль Надальдың жетістігін қайталады. Р.Надаль 2008 жылы Ролан Гаррос пен Уимблдонда соңғы бәсекеде сол кезде әлемдік рейтингіде көш бастаған даңқты швейцариялық Роджер Федерерді сүріндірген болатын.

Биыл АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалында К.Алькарас «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джоковичті жолдан тайдырды.
К.Алькарас АҚШ чемпионатынан кейін әлемдік рейтингіде Синнерді басып озып, көш басына көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің тағы бір рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар