«Қарметтің» жылу-электр орталықтары экологиялық рұқсат рәсімдеуден босатылады

АСТАНА. KAZINFORM – «Qarmet» акционерлік қоғамының жылу-электр орталықтары 2031 жылға дейін кешенді экологиялық рұқсат алу рәсімінен босатылады.

қармет
Фото: primeminister.kz

2025 жылдың бірінші қаңтарынан бастап елдегі қоршаған ортаға ең көп шығарынды тастайтын 50 кәсіпорынның тізімі ашық жариялануы керек болған. Бұл кәсіпорындар жұмысын кідіріссіз жалғастыру үшін кешенді экологиялық рұқсат алуы қажет. Ал ол рұқсатты алу үшін Қазақстан заңнамасында көрсетілген экологиялық талаптардың бәріне сай болуы шарт.

Энергетика министрлігі көпшілік талқылауына шығарған бұйрық жобасында осы тізімге енуі керек болған «Qarmet» акционерлік қоғамына тиесілі жылу-электр орталықтарын осы тізімнен 2031 жылға дейін шығара тұруды ұсынған. Яғни, осы кезеңде кешенді экологиялық рұқсат алудан босатылады.

«Қазіргі таңда Қазақстанда электр энергетикасы дағдарыс жағдайында. Өндіруші жабдықтардың, ғимараттардың, құрылыстардың, желілердің және басқа да энергетикалық инфрақұрылымның тозуы сыни мәнге жетті. Еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі энергия объектілерінде тұрақты негізде апаттық жағдайлар туындайды. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы әзірленді. Ол тозу мен апаттылықты өзгертуге, электр, жылу энергиясы мен қуат тапшылығын еңсеруге бағытталған іс-шараларды көздейді. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін ірі инвестициялар талап етіледі, оларды қайтару айтарлықтай дәрежеде тарифтердің ұлғаюына әкеледі. Өз кезегінде, электр станцияларында ең озық қолжетімді техниканы (ЕҚТ) енгізу үшін ел ауқымында жүздеген миллиард теңгеге есептелетін орасан зор инвестициялар қажет болады. Бұл тарифтердің, оның ішінде халық үшін де бірнеше есе өсуіне алып келеді. Бұл, әрине, әлеуметтік шиеленістің ұлғаюына әсер етеді. Тағы бір мәселе, бүгінгі күні Қазақстанда қажетті тазарту жабдығы өндірілмейді, тиісінше қаражаттың негізгі бөлігі шетелге осындай жабдық өндірілетін елдерге шығарылатын болады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде энергия өндіруші ұйымдар үшін кешенді экологиялық рұқсат алу және ҮҚТ енгізу мерзімінің басталуын 2025 жылдан 2031 жылға ауыстыруды көздеу ұсынылады», - деп жазылған құжаттың негіздемесінде.

Осыған дейін «Qarmet» комбинаты жұмысын жаңғыртуға 35 млрд теңге бөлетінін хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар