Қарсыласын 57-секундта нокаутқа түсірген: курсант BoxRec әлемдік рейтингінің үздік ондығына енді

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, кадеттер мен жастар арасындағы екі дүркін ел чемпионы, Азияның қола жүлдегері және халықаралық турнирлердің жеңімпазы Әли Бауыржан кәсіпқой бокста айтарлықтай сенсациялық нәтиже көрсетті, деп хабарлайды INFORMSPORTS. 

Әли Бауыржан
Фото: Әли Бауыржанның жеке мұрағатынан

Әлемдік кәсіпқой бокстың ең беделді әрі тәуелсіз компьютерлік алгоритмге негізделген BoxRec порталының ресми рейтингінде отандасымыз өз салмақ дәрежесі бойынша Қазақстанда және ТМД елдері арасында 9-орынға көтеріліп, үздік ондыққа енді. Бұл – ТМД тарихында кәсіпқой рингте мұндай жоғары сатыға көтерілген тұңғыш қазақстандық курсанттың көрсеткіші.

Әли – ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты. Ол болашақ полиция офицерінің қатаң тәртібі мен казармалық өмірін үлкен спортпен сәтті ұштастырып келеді. Сонымен қатар Жамбыл облысы Полиция департаментінің «Арлан» спорт клубының намысын абыроймен қорғап жүр. Жақында ғана Тараз қаласында өткен халықаралық бокс турнирінде тәжікстандық қарсыласын жекпе-жектің небәрі 57-секундында нокаутқа түсірді.

Әли Бауыржан
Фото: Әли Бауыржанның жеке мұрағатынан

Жас дарынның халықаралық аренадағы осынау толағай табыстары мен отандық спортты дамытуға қосқан зор үлесі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. ҚР Туризм және спорт министрінің бұйрығымен Бауыржан Әли «Қазақстан Республикасының спорт саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айта кетелік Абылайхан Жұбаназар дзюдодан әлем чемпионатының қола медалі үшін бақ сынайды.