08:30, 12 Ақпан 2010 | GMT +5
Қартабаевтар отбасында үшем дүниеге келді
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Сырдария ауданы, Бесарық ауылының Қартабаевтар отбасына үш бірдей ер бала қосылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қалалық перзентханасында дүние есігін ашқан үшемдер мен анасы Роза Орынбаеваның қазір жағдайлары жақсы. Дүниеге келген әр нәрестенің салмағы екі келіге жуық болыпты. Бұған дейін өмірге үш қыз, бір ұл бала алып келген Роза да, отағасы Мырзағали Қартабаев та ауылдағы балабақшада жұмыс істейді. Осылайша отбасында бұрын қыз баланың саны көп болса, енді бір-ақ күнде тізгін тартар ұлдардың саны асып түсті. Берекелі Бесарық ауылында егіздердің дүниеге келуі араға жылдар салып кездесетін, ал үшемнің өмірге келуі тұңғыш мәрте болып отыр. Оның үстіне Роза енді «Алтын алқа» иегері атануы тиіс.