Картинасын Жерар Депардье мен Бельгия ханзадасы сатып алған қазақ суретшісі жайлы не білеміз
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бар саналы ғұмырын сурет өнеріне арнап, қылқаламның сиқырымен өмірге мыңдаған туынды әкелген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, суретші Алпысбай Қазығұловпен Кazinform тілшісі сұхбат құрды.

— Суретші Алпысбай Қазығұлов 50 жылға жуық шығармашылық ғұмырында қанша туындыны дүниеге әкелді?
— Сурет салумен айналысқаныма 48 жыл болды. Осы уақыт ішінде сегіз мыңнан астам картина салдым. Көңілім толады. Бұл тек санына қатысты, ал картинаның сапасын, көркемдік ерекшелігін, мазмұнын уақыты келгенде өнертанушылар зерттеп, өз бағасын береді. Қазір қолымнан келетіні — сурет салу. Маған Алла «қылқаламмен жаз» деп күш берді. Сурет өнері — халықтың интелектуалдық байлығы. Әсемдік пен мейрімді картина бетінен де көруге болады.

— Әр суретші өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Сіздің картинаңызды қалай тануға болады?
— Бір суретшінің туындыларын екіншісінен өзіне тән авторлық стиль арқылы ажыратуға болады. Мен кенеп, майлы бояуды қолданамын. Майлы бояумен салынған жақсы шығарма өзінің энергетикасын ғасырлар бойы сақтайды. Мысалы, Леонардо да Винчидің «Мона Лизасының» құпиясы осында. Ең бастысы, сурет салу технологиясын сақтау керек. Сурет өнерінен хабары бар адам, менің картинамды бірден таниды. Басқа суретшілерге ұқсамайтын өзіндік техникам бар. Суреттегі мың сан бояудың астарында тарихтың талай жылдары сөйлеп жатады. Әрбір сөз секілді әрбір бояудың да өз мағынасы, терең философиясы болады. Біз бір ойды дәл жеткізу үшін сөзді қалай іздейтін болсақ, бояуды да дәл солай таба білу керек.

— Туындыларыңызға көбінесе қандай тақырыптарды арқау етесіз?
— Тақырып деген өмір шындығынан туындайтын дүние. Балалық шағың, тұрған үйің, араласатын ортаң, тыңдаған әуенің. Осының бәрінен образ, идея туындап, ақыры картина жазылады. Менің шығармашылығым «Көшпенділер», «Қыз бен жігіттің кездесуі», «Балалық шақтың ауылы» секілді бірнеше сериядан тұрады. «Аталарым» тақырыбындағы шығармада сағым дала, қазақ халқының салты, бәйге мен көкпар, көшпенді өмір көріністерін бейнеледім. Өнерде үнемі ізденіс пен қажырлы еңбек ету керек.

— Бір картина салуға қанша уақыт жұмсайсыз?
— Шығармашылық адамдар үшін шабыт үлкен рөл ойнайды. Бірақ, шабыт қашан келеді екен деп күтіп отыра беруге де болмайды. Күн сайын сурет салу техникасын жетілдіріп, суретші қолына қылқалам ұстамаса дамымайды. Табиғи талант бір бөлек, сурет салу техникасын меңгеру бір бөлек. Бір күнде немесе бір апта салынатын картина болады.
Мен сенбі-жексенбі күндері де, мерекеде де демалмай сурет саламын. Шығармашылықтың ішіне кіріп кететінім сондай, той-томалаққа да бармай қалатын кездерім болады. Бір мезгілде бірнеше бағытта сурет сала беремін. Кез келген сурет ұлы туындыға айнала алмайды. Көркем жұмыстың сыртқы пішіні ғана көз тартарлық көркем болуы аздық етеді. Оның ішкі мазмұны да көрерменге көп ой салуы шарт. Суреттің жаны, тілі болады.

— Өнер адамдарында шығармашылық тоқырау кезеңдері болады. Күш-қуаты сарқылып қалғандай күй кешеді. Ал сіз мың түрлі бояуды тоқтаусыз сөйлетіп жүрсіз. Оның сыры неде?
— Дұрыс айтасыз, өнер адамдары шығармашылық тоқырауға тап болып жатады. Танымал картиналары бар, халықтың ықыласына бөленген дарынды, білімді, керемет суретші делік, бірақ шығармашылығы тоқтап қалды. Неге? Осы сұрақтың жауабын біраз іздеп, зерттеп көрдім.
Ондай адамдар астамшылыққа бой алдырған. Таланттың қасіреті осында. Менің жүрегімде жамандыққа, қызғанышқа орын жоқ. Егер күндердің күнінде идеяларым сарқылып бітсе, өзімнің мінезім, пенделігім кінәлі болады.
Жылдар бойы тонналаған бояулармен жұмыс істеп келемін. Сондағы көңіліме түйгенім, бояудың құпиясы мен киесі болады екен. Оның кілті — жоғарыда. Осыны өзімнің түйсігіммен сездім.

— Сурет өнерінің жауһарларын жинайды екенсіз, жеке коллекцияңызда қанша картина бар?
— Қазақ, орыс, өзбек, қырғыз суретшілерінің туындыларын жинауды осыдан 35 жыл бұрын бастағанмын. Топтамамда олардың 3 мыңға жуық картинасы бар. Оның үшеуі — Әбілхан Қастеев атамыздың картинасы. Атап айтар болсам, бір пейзаж, «Медеуге жол» және «Сарыкөл». Сондай-ақ Ким Кузнецов, Крылов, Сабыр Мәмбеев секілді танымал суретшілердің картиналары да ерекше бағалы.

— Алпысбай Қазығұловтың қылқаламынан туған шығармалар шетелде де сұранысқа ие екен…
— Расында солай, мысалы «Кеңістіктегі ойын» еңбегім француздың атақты әншісі Патрисия Каастың жеке коллекциясында сақтаулы тұр, ал «Ұлы Жібек жолы» картинамды Жерар Депардье сатып алған. «Байқоңыр» атты туындымды Бельгия ханзадасы Лоранның топтамасынан көруге болады.
Сондай-ақ аты алты алашқа әйгілі, Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматов «Көкпар» атты картинамды қатты ұнатып, алған болатын. Сол сияқты кете береді. Бұдан бөлек, Еуропа елдерінде, Кытай, Жапония мен Түркияда өтетін сурет көрмелері мен мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысамын.

— Тарихтан сыр шертетін құнды картиналарды ұрпағыңызға мұра етіп қалдыратын шығарсыз?
— Балаларыма, немерелеріме қалады деген ниетпен жинап бастаған едім. Қазір ойым өзгерді. Қазақта керемет мақал бар «Балаға әкенің бағы бақ болмайды, малы мал болмайды» деген. Әр адам тапқан табысын өзіне жұмсауы керек. Мен осыны ұқтым. Сондықтан, картиналарымды сатып одан түскен қаржыға көрме ұйымдастырып, керек дүниелерімді алып, қайырымдылыққа жұмсап жатырмын. Елу картинаны музейлерге сыйға тарттым.

— Қазір елімізде барлық салаға жасанды интеллект дендеп ене бастады. ЖИ суретшіні алмастыра ала ма?
— Қазір әлем елдері арасында технологиялық бәсеке ерекше қарқын алды. Тіпті үдей түсті. Жасанды интелект көптеген маманның жұмысын жеңілдетеді. Былайша айтқанда, адамдарға көмекші құрал болады. Алайда, ол суретшіні алмастыра алмайды. Оған 100 пайыз сенімдімін. Өйткені, жасанды интелект салған сурет көңіл-күй сыйлай алмайды. Оның аурасын сезіну мүмкін емес. Ал, суретшінің қолынан шыққан туынды шынайы болады. Картинадағы энергетика ғасырлар бойы сақталады. Құнын ешқашан жоғалтпайды.



