Картоп бағасы көктемде 185 теңгеден аспайды
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл картоп өнімі 2,7 миллион тонна болады деп жоспарланып отыр. 5 қыркүйекке дейін 840,2 мың тонна картоп жиналған.
                                              Егістіктегі бағалар 90–120 теңге/кг аралығында, ал бөлшек саудадағы орташа бағасы бір аптада 3,9%-ға төмендеп, 194 теңге болды. Жалпы жылдық қажеттілік 2 млн тонна. Жақсы өнім көлемі күтіліп отырғандықтан, 28 шілдеден бастап картоп экспортына қойылған шектеу алынып тасталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, тамызда туындаған фитосанитариялық сертификаттарды рәсімдеудегі техникалық іркілістер жойылып, ведомство ел ішіндегі тапшылық тәуекелдерін болдырмау үшін экспортты қатаң бақылауда ұстайды.
Ал Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандум жасасты. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілері әкімдіктердің сұранысы бойынша ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді.
Қараша айында өнімнің сату бағасы – 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде сақтау шығындарын ескере отырып 185 теңгеден аспайды. Сол сияқты келісімдер «Арал тұз» АҚ-мен (тұз бағасын 100 теңгеден 82 теңгеге дейін 18% төмендету) және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен (жұмыртқаның шекті бағасы – 55 теңге/дана) жасалды.
Тұрақтандыру қорларын цифрлық бақылау
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қорларын басқаруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп тұрақты мониторинг алгоритмін әзірледі. Жоба үш кезеңнен тұрады:
- 1 кезең – қойма және қорлар дерекқорын қалыптастыру. Бұл бағытта СҚО, Ақмола, Павлодар, Жетісу және Қостанай облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары (ӘКК) тиімді жұмыс атқарып жатыр.
 - 2 кезең – қоймаларға бейнебақылау орнату және оны мобильді қосымша мен тауар қозғалысын қадағалау жүйесіне біріктіру. Бұл жұмыс Павлодар облысында басталды.
 - 3 кезең – өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысын бақылау үшін электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректерді талдау.
 - Осылайша, тауарлы-материалдық қорлар есебінен бастап, тауарды тұтынуға дейінгі бүкіл процесті онлайн бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе құрылмақ. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік қолдауға көшу бойынша түзетулер дайындалды. Ақкөл қаласында пилоттық жоба іске қосылды, ал Павлодар мен Көкшетау қалаларында жобаны кеңейту жоспарланып отыр.
 
Инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес соңында Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне реттелетін қызметтердің бағасын өсірмеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал әкімдіктерге ӘКК серіктестері иелік ететін көкөніс қоймаларына бейнекамера орнату үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жүктелді.
Айта кетейік, картоп, көкөніс және жеміс-жидек қоймаларының сыйымдылығы өнім көлемінен 4 есе аз.