Картоп бағасын тұрақтандыру барысында 49 заң бұзушылық анықталған

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі кешенді жұмыстар атқарып жатыр.

картоп
Фото: pixabay.com

Жыл басынан сауда үстемесін 15%-дан асырмау бойынша 20 аймақтық комиссия өтіп, олардың барысында әлеуметтік маңызы бар өнім саналатын картопқа қатысты 49 заң бұзушылық анықталды. Анықталған барлық фактілер бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданатын болады.

– Сауда министрлігінің ірі сауда желілерімен, атап айтқанда, Small және Magnum желілерімен өткізілген кездесулердің нәтижесінде, бүгінгі күні Астанадағы Small желісінде картоптың орташа бағасы 280 теңгеге, ал Magnum желісінде 185 теңгеге дейін төмендеді. Сауда комитетінің мониторингі бойынша, бүгінгі күні Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы 322 теңге. Әлеуметтік дүкендер мен ӘКК серіктестерінде – елдің барлық аймақтарында картоптың көлемі жеткілікті және нарықтағы бағадан төмен сатылып жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.

Аймақтардың тұрақтандыру қорларында жинақталған картопты сату жалғасуда. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейін жалпы көлемі 85,4 мың тоннаны құрайтын картоптың 23,6 мың тоннасы сатылды. Соңғы 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды, оның ішінде Алматы қаласында – 300 тонна, Шымкентте – 600 тонна, Түркістан облысында – 300 тонна және т.б. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорларында 62 мың тонна картоп бар.

Аталған шаралар ішкі нарықтағы бағаның төмендеуіне ықпал етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова Үкіметте картоп бағасының кенеттен қымбаттауы жөнінде пікір білдіріп, алдағы аптада тұрақты баға орнайды деп сендірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар