Қарттарға туысымыздай қарап, ізет көрсетеміз – 20 жылдық тәжірибесі бар әлеуметтік қызметкер
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жақындарынан айырылып, жападан жалғыз қалған қарттар, қамқор болар ешкімі жоқ мүгедек жандар әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Тағдыр тауқыметіне тап болғандарға жәрдем беріп, туысындай болатын бұл қызметкерлердің еңбегі зор, қоғамдағы орны ерекше. Ләйлә Нұрғазинаның осы салада жұмыс істеп, ақ жаулықты әжелер мен ақ баталы ақсақалдардың ризашылығын алып жүргеніне 20 жылға жуық уақыт болды. Kazinform тілшісі онымен жолығып, сұхбат құрып қайтқан болатын.

– Осы жұмысқа қалай келдіңіз?
– Үржар ауданы Қабанбай ауылында туып-өстім. 1989 жылы мектепті тәмамдаған соң Семей қаласындағы педагогикалық училищеде оқыдым. Содан кейін Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да логопед мамандығын бітірдім. Еңбек жолымды 2005 жылы қаладағы «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан бастадым.
Біздің орталық қызметкерлері жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедек жандардың, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүмкіндігі шектеулі балаларының денсаулықтарын күтіп, оларды сауықтырумен айналысады. Сондай-ақ азаматтарға білім, медицина, заң, өрт қауіпсіздігі, жұмыспен қамту сынды бағыттарда қызметтер көрсетіледі. Басты мақсат – қоғамның әртүрлі топтарына әлеуметтік көмек көрсету және тиісті жағдай жасау.
– Қариялардың басындағы ауыр тағдырды көргенде эмоцияға берілмей, ол кісілерді қолдау оңай емес шығар?
– Иә, әрине. Өмірде болып жатқан қиындықтарда адам эмоциялық қолдауға зәру. Ол кісілер де ішіндегі шерді тарқатып, эмоцияға беріліп кетулері мүмкін. Сол кезде қолдап, дұрыс сөздер айтқан абзал. Сынаудан, басына түскен жағдайға баға беруден аулақ болуымыз керек. Сыйластығыңызды сақтап, қосыла қайғырмай сөзбен демеу боламыз. Ең бастысы, ол жандарға айтатын ақыл емес, түсініп тыңдайтын құлақ керек.
– Егде жастағы адамдар көбіне қандай жағдайлардың әсерінен жалғыз қалып жатады?
– Қартайғанда жалғыз қалуға көбіне туыстарының қайтыс болуы, балаларының басқа қалаға оқуға, жұмысқа кетуі себеп болып жатады. Қоғаммен тығыз қарым-қатынас болмағандықтан, араласататын адамдардың аздығынан жападан жалғыз қалады.
– Осы уақыт ішінде көп адамдардың оқиғасына куә болдыңыз. Жүрегіңізге ең ауыр тиген оқиға болды ма?
– Жалғызбасты адамдар дүниеден өтіп, жерлеу рәсімінде ешкім болмай қалған сәттер өте ауыр. Осындай жағдайлар көңілімізді босатып жібереді. Себебі сені іздейтін, тіпті жерлейтін ешкімнің болмауы – дұшпаныңа да тілемейтін қасірет. Сондай сәттерде жерлеу рәсімін өз қолымызға алып, керекті шараларды жасаймыз.
– Жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жылы сөздің өзі ем ғой. Оларды қуантып, жігерлендіріп қою үшін көбінесе қандай сөздер айтасыз?
– Олар үшін жылы сөздің, қамқорлықтың маңызы зор. «Жылы киім - тәнді жылытар, жылы сөз - жанды жылытар» дейді қазақ. Қарттарға басқаға керектігін, өз орындары бар екенін сезіндіру қажет. Мерекелерде, туған күнінде құттықтап қойсақ тіпті шаттанып қалады. Сондықтан жылы сөзімізді аямаймыз. Қаладағы еріктілер де әлеуметтік көмек алушылардың жағдайын біліп, көмектесіп жатады. Ол да көңілі құлазыған адамға қуаныш сыйлайды.
– Әлеуметтік қызметкердің жұмысы несімен қиын?
– Әлеуметтік қызметкер денсаулығы нашар, жағдайы төмен адамдармен жұмыс істейді. Ал егде жастағылардың, мүгедектігі бар адамдардың, қиын жағдайға тап болғандардың өмірге деген өкпелері қара қазандай болады. Кейбіреулерінің мінезі де ауыр. Біз олардың басындағы әртүрлі жағдайларды шешуге жауаптымыз. Денсаулығына ғана емес, құқықтық, психологиялық тұрғыдан да қолдау танытуға міндеттіміз. Бір әлеуметтік қызметкерде он шақты қызмет алушы болады. Аптасына төрт рет барып, жағдайларын біліп тұрамыз. Дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткіліксіз болса, орнын толықтырамыз. Үй шаруасына көмектесіп, жайлы, таза орта қалыптастырып, хал-жағдайын сұрап әңгіме өрбітеміз.
– Өзіңізге бұл жұмыс несімен ұнайды?
– Ең бастысы, адамдарға, қоғамға пайдалы болатынымыз. Әртүрлі адамдармен жұмыс істей отырып, шыдамды, сабырлы болуды үйренеміз. Біреуге жасаған жақсылығымыз өзімізге еселеп қайтады. Қарт адамдарға көмектесу – абыройлы міндет. Оларға өз туысымыздай қарап, ізет көрсетеміз. Кейде достарындай сырласып, әзілдесіп те жатамыз.
– Жұмыстан тыс уақытта немен айналысқанды жақсы көресіз?
– Қарбалас жұмыстан қолым қалт еткенде қаланың сыртына шығып, атқа мініп тұрамын. Төрт түліктің төресі қанымызға жақын ғой. Жүйрікке мініп жүйткігенде шаршағаным су сепкендей басылып, өзімді сергек сезініп, жанын жайланып қалады.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Қазыналы қарттардың батасын алып жүре беріңіз.