«Қару-2013» іс-шарасында заңсыз сақталған 32 қару тәркіленді

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Елорда аумағында «Қару-2013» шұғыл алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды astana.kz қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қару-2013» іс-шарасында заңсыз сақталған 32 қару тәркіленді

Ведомстводан хабарлағанындай, іс-шара қаладағы жағдайды тұрақтандыру қылмыстың және қару-жарақ пен жарылғыш заттарды қолданумен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында өткізілуде.

Полицейлер 604 қару сақтайтын азамттарды тексерді. Қорытындысында заңсыз қару-жарақ сақталған, алып жүрген және уақытында есепке қоймаған 29 факт анықталды. 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІД мәліметі бойынша, іс-шара кезінде заңсыз сақталған 32 қару тәркіленді.

Қолданған шаралардың арқасында 4 оқты қару, 3 шолақ мылтық, 1 газбен атылатын тапаншаны заңсыз сақтау фактісі анықталып, олар айналымнан алынды.

Баспасөз қызметі заңсыз қару сақтаған барлық фактілер бойынша тексеру жүргізіп, сараптау жұмыстары тағайындалғанын атап көрсетеді.