Қарулы күштерде 31 қаңтарда мерзімді әскери қызметшілердің туыстарына «Ашық есік» күні өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 31 қаңтарда Қарулы күштердің барлық әскер бөлімінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары үшін «Ашық есік» күні өткізіледі. Іс-шара аясында ата-аналар ұлдарының қызмет жағдайын көзбен көріп, әскери қызметшілердің күнделікті қызметімен жақынырақ таныса алады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қарулы күштерде 31 қаңтарда мерзімді әскери қызметшілердің туыстарына «Ашық есік» күні өтеді
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Ашық есік» күні бағдарламасына қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін көрсету, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің көрсетілімдік жаттығулары, олардың тұрмыстық жағдайларын, казармалар мен асханаларды көрсету кіреді.

Әскер бөлімдер мен бөлімше командирлері мерзімді әскери қызметке қатысты кез келген сұраққа жауап береді. «Ашық есік» күнін өткізудің мақсаты армия мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, ашықтықты арттыруға және мерзімді әскери қызметтің нақты жағдайын таныстыруға бағытталған.

Қарулы күштерде 31 қаңтарда мерзімді әскери қызметшілердің туыстарына «Ашық есік» күні өтеді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Іс-шара қорытындысы бойынша ең үздік мерзімді әскери қызметшілерге адал қызметі мен үлгілі әскери тәртібі үшін марапат ретінде бір күндік сейілдеме беріледі.
Әр әскери бөлім «Ашық есік» күнін өткізу уақытын өзі белгілейді. Ал ата-аналарға ақпаратты әскери бөлімдердің қолбасшылығы жеткізеді.

Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде ата-аналар мен шақырылуға дейінгі жастар үшін «Ашық есік» күндерін тұрақты түрде өткізіп тұру тәжірибеге айналған. Ол әскери қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге және ата-аналарды хабардар етуге бағытталған. Осы мақсатта бөлім командирлері WhatsApp мессенджерінде арнайы чаттар ашады. Сондай-ақ «Отбасымен бейне қоңырау» сервисі арқылы ата-аналармен тұрақты бейнеқоңырау байланысы ұйымдастырылған. Сол үшін арнайы планшеттер сатып алынған.

Сонымен қатар әскери бөлімдерде «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне тұрақты түрде толық қолжетімділік берілген. Олар әскери бөлімдердегі сарбаздардың қызмет ету жағдайын үнемі тексеріп, ол жердегі жағдай туралы Қарулы күштердің басшылығы мен ата-аналарға ақпарат беріп тұрады.

Қарулы күштерде 31 қаңтарда мерзімді әскери қызметшілердің туыстарына «Ашық есік» күні өтеді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұған дейін Қарулы күштер бөлімшелерінің үйлестіру жаттығуларына 7 мыңға жуық әскери қызметші қатысқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар