Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам жауынгерлік даярлық іс-шарасы өткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери басқару органдарын, құрамаларды, әскери бөлімдер мен мекемелерді жоспарлы даярлау жүйелі түрде жүзеге асырылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу жылы барысында жауынгерлік даярлық бойынша шамамен 60 мың іс-шара өткізілді, олардың 17 мыңнан астамы түнгі жағдайларда ұйымдастырылды. Іс-шаралардың негізгі бөлігі Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің үлесіне тиесілі болды.

Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің ұшқыштарын даярлау деңгейінің жақсарып келе жатқанын атап өтті. Жыл ішінде күндізгі және түнгі уақытта шамамен мың ұшу ауысымы орындалды. Әуе әскерлерінің түрлі тектегі экипаждары ұшқыштық техникасын жетілдіру, күрделі метеорологиялық жағдайларда оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау, сондай-ақ жер үсті және әуе нысандарына қарсы жауынгерлік қолдану бойынша жаттығуларды кезең-кезеңімен пысықтады.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімшелері мен әскери бөлімдерінде 760 жауынгерлік үйлестіру іс-шарасы өткізілді. Әскери-теңіз күштерінде есепті кезеңде 188 рет теңізге шығу жүзеге асырылып, кеме экипаждарының жалпы жүзу қашықтығы 25 мың теңіз милінен асты.

Қарулы Күштердің түрлері, әскер тектері мен арнайы әскерлер бөлімшелерін үйлестірудің қорытынды кезеңдерінде шамамен 4,5 мың жауынгерлік атыс пен тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шаралар барысында әртүрлі жағдайларда оқу-жауынгерлік міндеттерді тікелей орындау мәселелері арналымына сәйкес пысықталды.

Сонымен қатар жыл ішінде «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық», «Каспий бризі» сынды ірі жедел-стратегиялық, жедел-тактикалық және арнайы оқу-жаттығулар өтті. Олардың аясында Қарулы Күштердің түрлері мен әскер тектерінің бөлімшелерінің өзара іс-қимылы пысықталып, соңғы жылдардағы әскери қақтығыстар тәжірибесін талдау негізінде әзірленген бөлімшелерді қолданудың жаңа нысандары мен тактикалық тәсілдері сынақтан өткізілді. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі.

Бұдан бұрын Астанада Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған плац-концерт өткенін жазған едік. Қойылым барысында қарумен көрсетілетін әскери элементтер мен дефиле ұсынылды.