Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Қарулы күштердің жеке құрамын ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтап, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс ведомствосының басшысы өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіздігі жолында мемлекеттің егемендігі туралы декларацияны қабылдаудың тарихи маңыздылығын атап өтті. Министр ұлттық әскерді құрудың бастауында тұрған ардагерлерге ерекше алғыс білдірді.

Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

— Сіздердің Қарулы күштердің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлестеріңіз орасан зор. Бай тәжірибелеріңіздің, батылдықтарыңыз бен әскери қызметке адалдықтарыңыздың арқасында жас ұрпаққа үлгі болатын жауынгерлік дайындық пен патриотизмнің берік іргетасы қаланды, — деп атап өтті Дәурен Қосанов.

Қорғаныс министрі қазақстандық әскери қызметшілердің дайындығы мен кәсібилігінің деңгейі жоғары деп атап өтіп, биылғы жылы «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық» ірі оқу-жаттығулары, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру, одан бөлек «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны сәтті өткізілгенін жеткізді.

Министр бұдан бөлек қазақстандық әскери қызметшілердің Голан жоталарында БҰҰ-ның миссиясы құрамында бітімгерлік міндеттерді лайықты атқарып жүргеніне тоқталды.

— Ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар ахуалында біз елдің әскери қауіпсіздігін және азаматтардың бейбіт өмірін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек, — деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Рәсім соңында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов үздік әскери қызметшілерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етті.

Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен 50185 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Бекбосынов және 12740 әскери бөлімінің командирі подполковник Дәулет Секенов марапатталды. Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденін десанттық-шабуылдау әскерлерінің штаб-сержанты Бек Нүсіпбаев алды.

Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен майор Еркебұлан Көшербаев, капитан Батырбек Жамал және 3-сыныпты сержант Линар Әжіман марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі медицина қызметінің подполковнигі Ләйлә Таңатароваға табысталды. Қызметтегі және спорттағы жоғары нәтижелері үшін майор Вадим Федосеев «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен барлығы 29 әскери қызметшіге мемлекеттік награда (7 орден және 22 медаль) табыс етілді. Ведомстволық наградамен 56 адам, оның ішінде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен 9 мерзімді қызмет әскери қызметшісі марапатталды. Сонымен қатар 40 әскери қызметшіге мерзімінен бұрын кезекті әскери атақ берілді.

Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

Соңғы жаңалықтар