Қарыз күліп барып, жылап қайтады - баспасөзге шолу
![None None](/static/img/plug.webp)
***
«Шетелдік компаниялардың 134 бөлімшесі 6 миллиард теңгедей қарыз», - деп жазады « Айқын » бүгінгі санындағы « Қарыз күліп барып, жылап қайтады » атты мақаласында. Басылымның айтуынша, бұл туралы қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев сенаттағы «Салықтық істер жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы Конвенцияға өзгертулер енгізу туралы хаттаманың енгізген түзетулеріне қатысты салықтық істер жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы Конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы жөніндегі қаржы және бюджет комитетінің отырысы барысында айтқан.
«Аталған конвенцияны ратификациялағаннан кейін біз басқа елдердегі әріптестерімізге Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік компаниялар филиалдарының сол қарыздарын өндіруде бізге көмек көрсететуін сұрап жүгінетін боламыз деп бағамдаймыз», - деді Ардақ Теңгебаев.
Оның айтуынша, аталмыш конвенция мәліметтермен өте айқын алмасуды жөнге салуға, басқа елдердің министрліктерімен бірлескен тексерістер өткізуге мүмкіндік береді деп көзделуде.
Атап көрсетілгендей, салықтық істер жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға қолды 1988 жылдың 25 қаңтарында Страсбургте Еуропа Кеңесі мен экономикалық ынтымақтастық және Даму Ұйымы қойған.
Бүгінде Қазақстан еселей салық салудан қашқақтау мен алты елмен ақпарат алмасу туралы келісім жөніндегі 46 екіжақты конвенциялардың негізінде шетелдік мемлекеттермен салықтық ақпарат алмасады. Жас режиcсер Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» фильмі қазақ қоғамының шындығын суреттеген туынды болып табылады. Оқиға ауылға көшіп келген отбасы мен жергілікті тұрғындар арасындағы қатынасқа құрылған, деп жазады «Айқын» бүгінгі санындағы « Үкілі кәм ш ат » әлемді әлдилеп алды » атты мақаласында.
Басылымның жазуынша, Джон мен інісі Ербол, қарындасы Әлия Алматыдағы үйлерінен айырылып қалады.
Аналары алыстағы бір ауылда балаларына мұраға үй қалдырған. Алайда оларға ауылда тағдыр тосын сыйлар дайындап қойған еді. Жергілікті учаскелік полицейдің туысы Жұба бұлардың үйіне орналасып алады. Ағайындылар заң жүзінде үйлерін қайтарып алуға тырысқанымен, ауыл адамдары заңға бас имейтін болып шықты. Себебі тұрғындардың өз заңы, өмір сүру қағидалары болатын. Режиссер фильмнің идеясын тек сюжет арқылы жеткізуге тырыспаған, шынайы өмір көріністері арқылы жеткізбек болған. Алыс қырдағы бір ауылдағы екі отбасының үйге талас-тартысын ашу барысында режиссер сол ауыл тұрғындарының қатыгез өмір салты, өзгелердің тағдырына немқұрайлы көзқарасын, биліктің әділетсіздігін жақсы көрсеткен. Бұдан нені байқауға болады? Қоғамның әлеуметтік көрінісі, адамдар арасындағы теңсіздік, заңның өрескел бұзылуы, жалпы, қоғамның ащы шындығы...
Киносыншылар туындыға «комедиялық туынды» деп баға берген еді. Алайда жанрлық тұрғыдан «драмалық туынды» деп бағалауға болады. Фильмдегі қоғамның көрінісі, сәби қуанышы терең философиялық ой түюге итермелейді, дейді басылым.
Бұл туынды 14-25 мамыр аралығында өткен халықаралық Канн кинофестивалінде әлем жұртшылығына ұсынылды. Фильм көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Кинофестивальден соң жас режиссерімізді Аки Каурисмяки, Джим Джармуш сияқты шоқтығы биік режиссерлермен теңестіре бастады. Британдық белгілі режиссерлердің бірі туындыны ең үздік 10 фильмнің тізіміне енгізді.
Фильм Торонто, Словакия, Россия, Сингапур, Голландия, Оңтүстік Корея, Канада, Франция, Польша елдеріндегі кинотеатрларда көрсетілді. Эдинбургте кинофестивальдің де бағдарламасына енді. 19-28 маусым аралығында Мәскеуде өткен халықаралық кинофестивальде де қалың көрермендердің жүрегінен жол тапты. «Киношок» кинофестивалінде киносыншылар мен кинотанушылардың арнайы ұсынған «Слон» марапатына ие болды.
«Үкілі кәмшат» фильмі азиаттардың Оскар жүлдесіне тең саналатын жыл сайын өтетін «Asia Pasific Screen Awards» премиясына екі бірдей номинация бойынша ұсынылды. Ол номинациялар: «Ең үздік фильм» және «Ең үздік оператор». «Asia Pasific Screen Awards» жеңімпаздарын халықаралық әділқазы мүшелері анықтайтын болады. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау 11 желтоқсанда Австралияның Брисбен қаласында өтеді.
***
« Егемен Қазақстан » басылымының бүгінгі санында « Айтыстың (iTys) сөз додасы » деген тақырыпта Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевпен болған сұхбат жарияланып отыр. Онда ол жақында тұсаукесері болған «Айтыс» ( iTys) атты отандық мессенджер туралы жан-жақты баяндайды.
«Баршамызға белгілі, қазіргі таңда бүкіләлемдік IT саласы қарқынды даму үстінде. Күннен-күнге жаңа өнімдер мен озық технологиялар саны артуда. Қазақстанның да бұл бағыттағы әлеуеті мол деп есептеуге болады. «Көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызуға» мүмкіндік беретін IT-технология бойынша отандық өнімдерді көбейту, солар арқылы мемлекеттік тілді насихаттау, қазақша хат-хабар алмасқысы келетін адамдардың еркіндігіне жағдай туғызу - біздің көздеген басты мақсатымыз деуге болады. Иә, мақсат-міндетіміз айқын. Ендігі шаруа - осы іске қолынан іс келетін азаматтарды жұмылдыру. Сондықтан, жобаны жүзеге асыруға елімізге белгілі актер, продюсер Дәуіт Шайхисламов бастаған ойы ұтқыр, жаңашыл жастарды тарттық. Бағдарлама жасаушы кәсіби техниктер де, креативті суретшілер де, дизайнерлер де - бәрі де өз мамандарымыз. Бұл өнім - солардың жұмыла атқарған еңбегінің нәтижесі. Осы уақыт ішіндегі көзім жеткен қуантарлық жайт - өз арамызда шын мәнінде дарынды, жаңашыл, озық ойлы, отансүйгіш жастар қатарының көбейіп келе жатқандығы. Сөйтіп, бір жылдың ішінде осы жобаны - iTys-ты жасап шығардық. Қазақша, орысша және ағылшынша хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін, қызықты әрі ұлттық нақышта әзірленген, ыңғайлы және қолжетімді мессенджер дүниеге келді», - дейді А.Шәуеев.
Дубай қаласында Құран Кәрімнің әлемде тұңғыш рет шөптен жасалған нұсқасы табылды, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы « Құран кітабын шөптен жасаған » атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, салмағы 7,5 кило тартатын бұл кітап басылған уақытынан кейін араға отыз жыл салып адамзат назарына ілігіп отырған көрінеді.
Мақалада көрсетілгендей, оны жасауға түрік дәрігері Хаким Хамди Тахер 22 жылын арнаған. Терапевтік қасиеттері бар кітап «юнани» медицина жүйесіне сәйкес, «жоғары концентратты» шөп қоспаларынан тұрады. Оның адам денсаулығына тигізер пайдасы да анықталған.