Қаржы институттары атом энергиясын қолдауға қомақты қаражат бөле бастайды – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы жылдары қаржы институттары атом энергиясын қолдауға қомақты қаражат бөле бастайды. Бұл туралы елордада атом энергиясына деген жаһандық сұраныс тақырыбында өткен конференцияда NNWI Central Asia Kazakhstan консультативтік кеңесінің төрағасы Бауыржан Ыбыраев айтты. 

Қаржы институттары атом энергиясын қолдауға қомақты қаражат бөле бастайды – сарапшы
Фото: Zoonar.com/www.artushfoto.eu/picture alliance

«Өткен аптада МАГАТЭ конференциясы жұмысын аяқтады. Алдағы 20-25 жылда әлемде атом энергиясының генерация 2,5 есеге артады деген мәліметтер келтірілді. Мұндай мәлімдемеден кейін, бүкіл әлемдегі қаржы институттары атом энергиясы генерациясын қолдауға, бұл бағытты көбірек қаржыландыруға шешім қабылдады. Қазір климат адамдардың әрекетінің салдарынан өзгеріп жатыр. Менің ойымша, алдағы бірнеше жылда климат айтарлықтай өзгеруі мүмкін, яғни қазіргіге қарағанда әлдеқайда ушыға түседі», - деді Б. Ыбыраев. 

Оның айтуынша, бұған дейін елімізге газдан энергия өндіру мен гидрогенерация жеткілікті болды деген пайым болды. Ал, қазір бұл энергия түрлері жеткіліксіз. 

«Осыдан біраз жыл бұрын Балқаш жылу электр орталығын салу жоспары жарияланды. Сол кезде станцияға күніне 500 вагон көмір жеткізіп, күн сайын 400 вагон күл шығару ескерілген. Осыншама қалдықты қайда жібереміз? Бұл ретте қаншама зиянды элементтердің бар екенін түсіну керек. 500 вагон көмір күніне 30 мың тоннаға тең. Ал атом электр станциясы жылына әлдеқайда аз көлемдегі отын пайдаланады. Сонымен қатар атом электр станциясы миллиондаған тонна радиоактивті қалдықты шығарады деген көптеген фобия бар. Шын мәнінде – олай емес. Мен бірнеше елдің реакторларында зерттеу жасадым. Реакторда пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу арқылы шын мәнінде отынның жаңа түріне айналдыру мүмкіндігі бар екенін айта аламын», - деді Бауыржан Ыбыраев. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды.  

Республикалық референдумға: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылады.

Соңғы жаңалықтар