Қаржы министрі: Сырттан алатын қарыз көлемін әлі де көбейтетін мүмкіндігіміз бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында сыртқы қарыздың көлемін азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.

«Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің 23%-ына тең. Заң бойынша белгіленген шек – 30%. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, бізде бұл көрсеткіштен ұлғайту мүмкіндігі бар. Біз белгілеген шек ең ақырғы шек деген сөз емес. Қазіргі қарыз шегі барынша қолайлы», - деді Мәли Такиев.
Министр сыртқы қарыз көлемін азайту бюджет тапшылығын жоюмен қатар жүретін шаруа екенін еске салды.
«Қазіргі таңда бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,6%-ына тең немесе 3,5 трлн теңге. Біз осы тапшылықты жыл сайын азайтуды жоспарлап отырмыз. 2027 жылдың бюджетін қарасаңыз, онда тапшылық ЖІӨ-нің 1,9%-ына тең болады деп белгіленген. Бюджет тапшылығын біртіндеп түсіру сыртқы қарыз көлемін азайтуға әкеледі», - деді министр.
Осыған дейін Қаржы министрі Мәди Такиевтің жеке адамдардың шетелден көлік әкелу мәселесі қаралып жатқаны туралы айтқанын жазған едік.