Қаржы министрлігі бизнеске жүктемені азайтудың жаңа тетіктерін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында елдің қаржы саясатының алдағы бағыттары талқыланды. Жиында бюджет шығыстарын оңтайландыру, бизнеске жеңілдік беру және цифрлы технологияларды енгізу мәселелері қаралды. 2026 жыл мемлекеттік қаржы жүйесін цифрлы трансформациялау мен ашық басқарудың шешуші кезеңі болмақ.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, Қоғамдық кеңес төрағасы Жақсыбек Құлекеев және ведомствоның басшылық құрамы жиынға қатысты.
Вице-премьер Серік Жұманғарин 2025 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асып, жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларға жеткенін атап өтті. Ол бюджет-салық реформасының негізгі мақсаты мемлекеттік қаржыны шоғырландыру екенін айтты.

— Қазір бюджет шығыстарын одан әрі оңтайландырудағы негізгі рөл Қаржы министрлігіне жүктелген. Мемлекет дамуының әлеуметтік бағыты сақталады, бірақ барлық бюджеттік бағдарлама қатаң ревизиядан өтеді. Бюджет шығыстарына тұрақты тексеріс жүргіземіз, ал бюджет жобаларын іріктеу тетігін жетілдіру — біздің басты міндетіміз, — деді ол.
Қаржы министрі Мәди Такиев жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдумға тоқталып, әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттары қаржы саясатының негізі болатынын айтты.

— Ата заңның жаңа мәтінінде заң алдында барлығының тең болуы, теңгерімді адал экономика, мүмкіндіктерді әділ бөлу және азаматтарды еститін мемлекет қағидалары айқын көрсетілген, — деді министр.
Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңестің рөлі де ерекше атап өтілді. Кеңес төрағасы Жақсыбек Құлекеев барлық ұсыныс Қаржы министрлігі тарапынан толық пысықталғанын жеткізді. Бұл ынтымақтастық нақты қаржылық нәтижелермен расталды. Мәселен, 2025 жылы бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) 24,6 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,1%-ға орындалды. Ал 2026 жылға салық түсімдері 18,9 трлн теңге деп бекітілді, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 30,6%-ға жоғары.
Цифрландыру саласында «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» жобасы әзірленді. Ол өңірлік бюджеттердің кіріс-шығыс деректерін геонүктелер арқылы визуализациялауға мүмкіндік береді. Биыл платформа ЖИ-аналитикасын қолданып, ұлттық экономиканы толық талдауға арналған құралға айналады.

Бизнеске қолдау шаралары да назардан тыс қалмады. Қаржы министрлігі «таза парақтан» тетігін іске қосып, микро және шағын бизнеске бір реттік жеңілдік акциясын өткізді. Кейбір тексерулерге уақытша мораторий енгізіліп, кәсіпкерлерге жүктеме азайтылды. Сонымен қатар, көлеңкелі экономиканы тежеуге және цифрлы сөре құруға бағытталған кешенді жоспар жасалды.
Жиында мемлекеттік сатып алу, аудит, салық және кеден әкімшілігін цифрландыру, мемлекеттік мүлікті басқару және цифрлы теңгені пайдалану мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы төлемдер мен қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету шаралары пысықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл да ерекше назарда болды. Қаржы министрі бұл — еліміздегі басым міндеттердің бірі екенін айтты.
Алқа қатысушылары 2026 жылды стратегиялық міндеттерді орындауда шешуші кезең деп бағалады. Цифрлы трансформация, жасанды интеллект енгізу, бизнеске жаңа қолдау тетіктерін жасау және бюджет қаражатын ашық басқару — министрліктің басты бағыты болып қала бермек.
Бұған дейін салық реформасы аясында қаржы құралдарына қатысты даулы нормалар талқыланған еді.