Қаржы нарығында ашықтық артады: банктер тәуекел туралы көбірек ақпарат жариялайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда банктердің тәуекелдер туралы мәліметтерді жария етуіне қатысты жаңа талаптарды қабылдау көзделіп отыр. Тиісті қаулы жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қаржы нарығында ашықтық артады: банктер тәуекелдері туралы көбірек ақпарат жариялайды
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Құжат екінші деңгейдегі банктер мен банк-резидент еместердің филиалдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын белгілейтін №188 қаулыға өзгерістер енгізеді.

Бірінші кезеңде, 2024 жылдың желтоқсанында, бұл қағидаларға меншікті капитал мен кредиттік тәуекелдер туралы ақпаратты жариялау бойынша толықтырулар енгізілген болатын. Жаңа түзетулер пакеті Базель III (Pillar 3) стандарттарын енгізудің екінші кезеңі болады.

Жобаға сәйкес, банктер кеңейтілген есептілікті ұсынуға міндетті болады:

  • Операциялық тәуекел бойынша – тәуекелдің сипаты мен оны басқару туралы жалпы мәліметтер, сондай-ақ тарихи залалдарды көрсететін кестелер;

  • Нарықтық тәуекел бойынша – тәуекелдің сипаты мен көздері, оны бағалау әдістері және тәуекелдің мөлшері туралы ақпарат. Бұл мәліметтер стандартталған тәсілмен есептеліп, пайыздық, қорлық, валюта және тауар тәуекелдеріне жіктеледі;

  • Өтімділік тәуекелі бойынша – өтімділікті басқару саясаты туралы мәліметтер және өтімділікті жабу коэффициенттері (LCR, NSFR) көрсетілген кестелер.

— Жоба Базель III талаптарын кезең-кезеңімен енгізу аясында ақпаратты ашу тәртібін енгізу үшін әзірленді. Бұл екінші деңгейлі банктерде ашықтықты арттыру мен нарықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған, — деп түсіндірді агенттік.

Өзгерістердің басты мақсаты — банктердің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ал клиенттер, инвесторлар мен реттеуші нақты тәуекелдерді көріп, банк қаншалықты тұрақты екенін алдын ала бағалай алуы тиіс. ҚНРДА құжатты қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейтінін атап өтті.

Бұған дейін біз Қазақстанда жаңа банк туралы заң дайындалып жатқанын, оның не үшін қажет екенін және нені өзгертетінін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар