Қаржы пирамидалары мен заңсыз жарнамаға қарсы шаралар күшейтілді
АСТАНА.KAZINFORM – Соңғы жылдары қаржы пирамидалары мен оларға қатысты алаяқтық схемаларға қарсы күрес күшейтілді. Биылдың өзінде елімізде 41 қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінде айтылды.

– Қаржы пирамидаларын жарнамалау және соларға қатысты алаяқтық әрекеттер үшін Қылмыстық кодекске жаңа баптар енгізілді. Сонымен қатар дропперлер мен басқа да делдал тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер үлескердің заңсыз әрекетке қатысы дәлелденсе, ҚК-нің 28-бабы аясында құқықтық баға беріледі, – деді Бас прокуратураның басқарма аға прокуроры Сұлтан Батталов.
Заңсыз жарнама бойынша да әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бірнеше бап көзделген. Атап айтқанда, 455-бап лотерея мен заңсыз ойын бизнесін жарнамалауға байланысты теріс әрекеттерге құқықтық баға береді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Тергеу департаменті басшысының орынбасары Кеңесары Бағбанұлының айтуынша, ҚК-нің 217-1-бабы 2023 жылы енгізілген және осы бап бойынша оннан астам адам жауапқа тартылған.
– Бірнеше блогер де заңсыз жарнама жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ол.
Мемлекет тарапынан қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Бұған дейін, кейінгі жылдары елде үлестік құрылыс, инвестициялық жобалар мен жалған қайырымдылық қорларына қатысты алаяқтық схемалардың күрт көбейіп кеткенін жазғанбыз.