Қаржы сарапшысы теңге құнының әлсіреу себебін түсіндірді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов кейінгі уақытта теңгенің долларға шаққандағы құнының әлсіреуін түсіндірді. Қазақстан қор биржасында 9 қазан күні күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 489,06 теңге болды.

Қор нарығында доллар тағы да 5 теңгеге қымбаттады
Фото: Kazinform/ Pixabay

«Бізде тауарлы экономика. Мұнай нарығында өзгерістер немесе бюджетте теңгерімсіздік байқалған кезде, ол ұлттық валютаға әсер етеді. Жалпы, мұның ұтымды тұстары шамалы. Менің бес жыл бұрын жасаған болжамыма сай келіп тұр. Яғни, ұзақ мерзімді перспективада біз экономикамызды әртараптандыруға мүмкіндік алғанша теңге әлсірей береді. Бізде белгілі бір қадамдар жасалып жатыр, бірақ нақты тұрақтылыққа жету үшін әлі де уақыт қажет. Тәуелділігімізді азайту үшін мұнайға байланысы жоқ түрлі шикізат салаларын дамыту керек»,- дейді спикер.

Сарапшының айтуынша, алдағы уақытта да теңге әлсірейді.

«Одан әрі құбылуына келетін болсақ, алдағы үш жылда теңгенің әлсіреуі әбден мүмкін. Қысқа мерзімде ол аздап нығайып, кейін қайта құлдырайды. Нарықтық ауытқулар жалғасатын болады. Дегенмен, теңгенің 450-470 деңгейіне дейін күрт нығаюын күтудің қажеті жоқ. АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді сәл төмендетсе, теңге тұрақтанады, төмен мәндерде болса да, тұрақтануы мүмкін», - деді Расул Рысмамбетов.

Бұған қоса, ол солтүстік жарты шардағы жылыту маусымының басталуы мұнай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.

«Бірақ кез келген жағдайда теңгенің нақты бағамы 480-490 теңге шегінде болады және оның одан әрі әлсіреуі мүмкін», - деді ол.

Айта кетейк, Қазақстан қор биржасында АҚШ ақшасы үшінші күн қатарынан қымбаттап жатыр.

Соңғы жаңалықтар