Қаржыгер жүйелік талдауға қабілетті болуы керек — Майгүл Құдайбергенова

Қаржыгер
Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

Бүгін — Қаржыгерлер күні. 1993 жылдың 15 қарашасында ел азаматтары алғаш рет мемлекеттік валюта — теңгенің алғашқы банкноттарын қолдарына алды. Тәуелсіздік жылдарында валютаның нығаюына қаржыгерлердің қосқан үлесі көп. ҚР ПІБ «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК директорының орынбасары Майгүл Құдайбергенова Kazinform тілшісіне аталған мамандықтың қыр-сыры туралы айтып берді. 

— Қаржыгер мамандығын таңдауыңыздың сыры неде? 

— Мен негізі дәрігер болуды армандадым. Бірақ тоқсаныншы жылдардың басында елімізде экономика және бухгалтерлік есеп салалары кеңінен танымал болды. Мектеп қабырғасында жүргенімде есепке жақсы болғанымнан кейін оқу бітірерде экономика факультетіне түсуге шешім қабылдадым. Бухгалтер болуға деген қызығушылығым артты. Дегенмен медицина саласына келдім, мұнда экономист ретінде жұмыс істедім. Біраз уақыт жекеменшік медицина саласында жүргеннен кейін Президент әкімшілігінің ауруханасынан шақырту түсті, онда 20 жыл еңбек еттім. Дәл осы жерде мен барлық кезеңінен өттім десе де болады. Экономист, аға экономист, бас экономист және директордың орынбасары қызметтерін атқардым. 

— ҚР ПІБ «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК-дағы жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз. 

— Қаржылық-экономикалық зерттеулерге сәйкес кәсіпорынның қызметін үйлестіру, басқару және бақылау, материалдық, еңбек және қаржылық ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаржылық тәуекелдерді азайту, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және т.б міндеттерді қатар алып жүрдім. 

— Сіздің бастамаңызбен жақсы қаржылық нәтижелерге қол жеткізген жоба немесе бастама болды ма? 

— Қаржыгер ретіндегі еңбек тәжірибемнің басым бөлігі медициналық орталықта өткендіктен, көптеген жоба пациенттерді диагностикалау мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуге қатысты екенін айта кетейін. ISO және JCI стандарттары бойынша аккредиттеу, ғылыми жобаларға қатысу, сонымен қатар 2015 жылы қуаттылығы 10 есе, жұмысшылар саны 4 есе ұлғайтылған ПІБ ауруханасының жаңа ғимаратын іске қосу ең үлкен жоба болды. Бұл ретте кәсіпорында қаржылық тұрақтылық және цифрлық технологияларды пайдалана отырып активтерді есепке алу жақсы жолға қойылған.

Бұдан басқа, мен посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ, онкологиялық сақтықпен және аурулармен ауыратын науқастарды диагностикалау үшін қажетті 9 радиоактивті фармацевтикалық препараттарды өндіру қуаты бар Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының «циклотронды-өндірістік кешені» жобасын іске асыруға қатыстым. Сондай-ақ ПІБ жүйесіндегі кәсіпорындар үшін цифрландыру жобаларын қалыптастыруға және іске қосуға атсалыстым. Бұл іс мені қатты қызықтырды. 

— Қаржыгер мен экономисттің айырмашылығы неде? 

— Басқару қызметіндегі қаржыгердің қызметі әртүрлі міндеттерді шешу арқылы әлдеқайда ауқымды әрі түрлі нарықтық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қаржыгер жүйелік талдауға және мәліметтер массиві негізінде болжам жасауға қабілетті. Мұның бәрі қаржылық шығындарды азайтады немесе жояды. Ал, экономист бюджетті жоспарлайды, экономикалық қызметті талдайды, нормада белгіленген шығындардың сақталуын бақылайды, өндірістік қуаттарды ескере отырып есептеулер жүргізеді — операциялық шығындарды азайтуға әрекет етеді. 

— Қаржымен жұмыс істеу үшін нені жақсы меңгеру керек? 

— Стратегиялық ойлау, басқарушылық құзырет және кәсіби білім: негізгі қаржылық көрсеткіштер, қаржылық талдау, бюджеттік жоспарлау, бухгалтерлік және басқарушылық есеп негіздері, қаржы және салықтар саласындағы заңнама, қаржылық құжаттаманы жасау тәртібі, экономикалық талдау және тәуекелдерді бағалау дағдылары, бизнес-жоспарлау, қаржыландыру көздері бойынша ақша ағындарын басқару дағдыларын білу маңызды. Өзгерістерге тез икемделу керек. Бұл салада жүрген кез келген маман ізденісті тоқтатпауы қажет. Өйткені қаржы мамандарында белгісіздік жағдайында тәуекелге барып, тез шешім қабылдайтын сәттер көп болады. Сонымен қатар мансап жолының кез келген кезеңінде аталған мамандық иелері шығындарды есепке алу мен басқарушылық есептің заманауи әдістерін қолдана отырып ақпаратты басқаруды дағдыға айнадыра білуі тиіс. 

Әңгімеңізге рахмет! 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum