Қаржыландырудың қысқаруына байланысты 278 миллион бала оқуға бара алмайды – БҰҰ

АСТАНА. KAZINFORM - Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (UNICEF) мәліметі бойынша, жаһандық білім беруді қаржыландыру күрт азайып келеді, яғни 2026 жылға қарай тағы 6 миллионға жуық бала мектепке бармауы мүмкін. 

бала
Фото: ЮНИСЕФ/Х. Дико

Болжам бойынша, табысы жоғары елдердің білім саласына бөлетін ресми көмегі 3,2 миллиард долларға азаяды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 24 пайызға кем. Қысқартудың 80 пайызға жуығы үш донор елге тиесілі.

Қысқарту мектепке бармайтын балалардың санын 272 миллионнан 278 миллионға дейін арттырады. Бұл Германия мен Италиядағы барлық бастауыш мектептің жабылуымен бірдей болады.

Ең үлкен шығын білім беру жүйесі әлсіз аймақтарда болады деп болжанып отыр. Басты соққы бастауыш білімге тиеді: оған көмек үштен біріне қысқаруы мүмкін. UNICEF бағалауы бойынша, бұл жаһандық білім дағдарысын тереңдетіп, мектепке бармайтын балалар үшін болашақта еңбек нарығында проблемалар туғызады.

Қаржыландыруды қысқарту тек сыныптарға ғана емес, сонымен қатар көптеген баланы тамақтандырудың жалғыз тұрақты көзі болып табылатын мектептегі тамақтандыру бағдарламаларына да қауіп төндіреді.

UNICEF донорларды білімге көмектің кем дегенде жартысын нашар дамыған елдерге бағыттауға, гуманитарлық бағдарламаларды қаржыландыруды сақтап қалуға, сондай-ақ ерте жастағы және бастауыш білімге басымдық беруге шақырады.

Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында Газада 660 000 бала мектептен тысқары қалды. 

Соңғы жаңалықтар