Қаржылық сауаттылық бойынша республикалық олимпиада басталады
АСТАНА. KAZINFORM — 3 қарашада еліміздің барлық өңірінде 9-11 -сынып оқушылары арасында қаржылық сауаттылық бойынша республикалық олимпиаданың бірінші, мектепішілік кезеңі өтеді.
Сайыс Smart Daryn платформасында ұйымдастырылады.
Төрт кезеңнен тұратын олимпиада оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға және қаражатты жауапкершілікпен басқару мәдениетін дамытуға бағытталған.
Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, цифрлық этика, жеке және отбасылық бюджетті жоспарлау, инвестиция негіздері мен жауапты тұтыну бағыттары бойынша тест тапсырмаларын орындайды.
Мектепішілік кезеңнің қорытындысы бойынша әр ауданнан ең жоғары балл жинаған 30 оқушы екінші кезеңге жолдама алады. Аудандық кезең 14 желтоқсанда Smart Daryn платформасында онлайн форматта өтеді.
Айта кетелік 2026–2027 оқу жылында мектептерде жаңа курс жүргізілетіні туралы жазған едік.