16:26, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Қаржы дағдарысы жағдайында өңірдегі аз қамтылған отбасылар мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып отыр
ОРАЛ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қаржы дағдарысы жағдайында Батыс Қазақстан облысындағы аз қамтылған отбасылар мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып отыр.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті. Әкімнің айтуынша, өткен жылы облыста тамыздың 1-інен бастап 11 мың адамға қосымша бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 49,6 млн. теңге берілді.
Дағдарыстың әсеріне орай биылғы ақпанның 1-інен оларға берілетін көмектің мөлшері 1,5 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұған бюджеттен кемінде 225 млн. теңге қаралады. Мысалы, екі баласы бар жұмыссыз отбасы айына 18596 теңге АӘК, 7638 қосымша көмек, оған балаларға берілетін жәрдемақыны қосқанда барлығы 30-35 мың теңге алады. Оған қоса тұрғын үй жәрдемақысы және басқа әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Бұл аз қолдау болмаса керек.