Қаржы министрі Экономикалық тергеу қызметі жұмысына қатысты түсінік берді

«Экономикалық тергеу қызметі Қаржы министрлігіндегі жалғыз құқық қорғау құрылымы. Өткен жылдан бері аталған құрылым Қаржы мониторингі комитетінің құрамында. Мұндай шешім екі құрылым өзара іс-қимыл жасап, тиісті үйлесімді жұмыс болуы үшін жасалды», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Экономикалық тергеу қызметі қайта бағдарланды. Осы орайда мынадай қылмыстар ескерілген: мұнай және мұнай өнімдерінің, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы; капиталдың заңсыз ағымы; бюджет қаражатын, оның ішінде квазимемлекеттік секторда жымқыру және ысырап ету; салық төлеуден жалтару; жалған шот-фактуралар.
«Бұл бағыттағы жұмыстар талдау мен кешенді алдын алу шаралары арқылы жүзеге асырылады. Мұндай жедел профилактикалық шаралар прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе жүргізіледі», - деді Е. Жамаубаев.