Қаржы министрі Елбасына жанама салықтарды әкімшілендіру функцияларын Салық комитетіне беруге дайындық барысы туралы баяндады

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Б.Жәмішев ведомство алдына Мемлекет басшысы қойған міндеттер мен тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Өз баяндамасында Қаржы министрі жанама салықтарды әкімшілендіру функцияларын Кедендік бақылау комитетінен Салық комитетіне беруге дайындық туралы мәлімдеді. Б.Жәмішев 2010 жылғы шілдеден бастап Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағынан тауарлардың импорты кезінде жанама салықтарды (ҚҚС және акциздер) алу жөніндегі функциялар салық органдарына берілгенін айтып өтті. Осыған орай, 2011 жылы жанама салықтар сомасы көлемінің үштен екісін салық органдары әкімшілендіреді, қалған бөлігін кеден органдары алады.
Қазіргі уақытта есептілік пен жанама салықтардың негізгі төлемін есепті кезең аяқталғаннан кейін салық органы жүргізеді, ал кедендік декларациялау кезінде төлем әкелінетін тауарларды айналымға шығарғанға дейін жүргізіледі, бұл жанама салықтар төлеу үшін импорттаушылардың ақша айналымынан оқшауландыруға әкеп соқтырады. Оның үстіне екі мемлекеттік орган арасында есептеулер, мерзімін ұзартулар мен босатулар беру жөніндегі мәселелерді келісу қажеттілігі туындайды, бұл салық төлеушілердің уақытша шығындарына әкеп соғады, өйткені әрбір орган жанама салықтардың дербес есебін жүргізеді.
Жоғарыда айтылған барлық проблемаларды шешу және бизнес үшін анағұрлым қолайлы жағдайлар жасау үшін Министрлік салық органдарына импорт кезінде жанама салықтарды әкімшілендіруді беру жөнінде жұмысты бастады. Бір фискальдық органның көрсетілген салықтарды алуы әкімшілендірудің тиімділігін және айқындылығын арттыруға, көрсетілген салықтарды әкімшілендіруге жұмсалатын мемлекет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кедендік декларациялауды жеделдетуге, төлем мерзімін ауыстыруға, қайта салық салу тәуекелін болдырмауға және тұтастай алғанда, инвестициялық климатты жақсартуға әкеп соқтырады.
Сондай-ақ, Б.Жәмішев электрондық үкіметті одан әрі дамыту және барлық әлеуметтік маңызды қызметтерді электрондық форматқа көшіру қажеттігі туралы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасын іске асырудың барысы туралы баяндады. Мемлекет басшысының бизнестің шығындарын қысқарту және салықтық әкімшілендіруді одан әрі жақсарту туралы тапсырмасын орындау шеңберінде, министр Салық органдарының қағаз шот-фактураларды электрондық форматқа көшіру және бересіні қысқарту бойынша жүргізіп жатқан белсенді жұмысы туралы мәлімдеді.
Бұдан басқа, министр Президентті банкроттық жүйені реформалау жалғасатындығы туралы хабардар етті. Реформа Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясында Дүниежүзілік Банкпен ынтымақтастықта кезеңмен іске асырылатын болады. Қаржы министрлігінің басшысы ірі кәсіпорындарды сауықтыру және борыш деңгейіне бақылау жүйесін жетілдіру бағдарламасын іске асыру барысы туралы әңгімеледі. Осылайша, бүгінгі таңда 41 кәсіпорын Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасының екінші кезеңіне қатысуға рұқсат алған, оның ішінде 9 кәсіпорын Бағдарламаның қатысушысы деп танылған. Аталған ұйымдар Қазақстанның барлық өңірлері мен экономика салаларының барлық спектрін қамтиды.
Б.Жәмішев борыш деңгейіне бақылау жүйесін жетілдіру процесі, сондай-ақ бюджеттің жоспарлануы және атқарылуы туралы мәлімдеді. Министр соңғы үш жылда Қазақстан бюджет процесін жетілдіруде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгеніне тоқталды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бес жылдық кезеңге әзірленеді және бекітіледі, ол бюджеттің «құбылмалы үш жылдық» қағидаты бойынша қалыптастырылуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық саясаттың ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес бюджеттік ресурстар мемлекеттік органдар арасында нақты нәтижелерге қол жеткізілуін ескере отырып немесе одан тікелей тәуелді бола отырып, бөлінеді.
Сонымен қатар, Министрлік Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп, бірлескен экономикалық зерттеулер аясында бюджеттік бағдарламаларды қалыптастыру жөніндегі ұстанымдарды өзгертуден көрінетін нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді одан әрі жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізуде. Бюджеттік бағдарлама жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша ағымдағы шығыстарды да, сол сияқты дамуға арналған шығыстарды қамтиды деп көзделуде.
Қазақстан Президенті салықтық және кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның қаржы секторын дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді және Қаржы министрлігіне жаңа міндеттер жүктеді.