Қаржы министрі сенаторлармен кездесуінде бюджетті жетілдіру мәселелерін талқылады

Онда бюджет қаржысының мақсатты жұмсалып, нақты нәтижелерімен өзара байланысын күшейтуді жетілдіру мәселелері талқыланды.
Кездесуді ашқан комитет төрағасы Рашит Ахметов 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Үкімет пен Есеп комитеті есептерінің қорытындысы бойынша Парламент әзірлеген ұсыныстар тұрғысында қаралып отырған тақырыптың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсыныстар негізінен бюджет туралы заңнамадағы бюджетті дамыту бағдарламасының мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен өзара байланысы бөлігін жақсартуға қатысты болған еді.
Өз кезегінде Қаржы министрі Б.Жәмішев Бюджет кодексінде нәтижеге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау және бюджеттен қаржыландыру жүйесіне көшудің ережелері қарастырылғанын атап өтті. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың тиімді қызметін жыл сайынғы бағалау барысында бюджет қаржысын басқару және қажетті нәтижелерге қол жеткізудегі кемшіліктер анықталғанына тоқталды. Министрдің пікірінше, бюджеттік жоспарлауды жетілдіру жөніндегі ұсынылып отырған жаңалықтар стратегиялық бағыттар мен мемлекеттік органдардың мақсаттары жөніндегі бюджеттік тапсырыстардың тығыз байланысын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, бюджет қаржысын басқаруда бюджет бағдарламалары әкімшілеріне дербестік береді, әр бюджеттік бағдарламаларды орындауда адамдардың жеке жауапкершілігін бекітеді.
Талқылау барысында қаралған мәселе бойынша әзірленетін Парламент ұсыныстарында бюджет жүйесін жетілдірудің, алдағы кезеңнің нәтижесіне бағдарланған бюджетті жоспарлаудың жаңа қадамдар ескерілетіні аталып өтілді.