Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарын жүзеге асыру 84,45 баллға бағаланды - Б. Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарын жүзеге асыру 84,45 баллға бағаланды. Бүгін Қаржы министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті.
None
None

Министрдің айтуына қарағанда, ведомствоның стратегиялық жоспары екі басты бағытқа қол жеткізуге негізделген. «Біріншісі  - бұл қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу. Екінші бағыт - мемлекеттік қызметтер сапасын және атқарылатын функциялардың тиімділігін қамтамасыз ету. Осы екі бағытты жүзеге асыру 84,45 баллға бағаланды, бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 сатыға жоғары, былтыр 75,5 балл құраған еді. Жалпы, бұл өте жақсы нәтиже, есебімізше барлық мемлекеттік органдар бойынша біздің көрсеткішіміз орташа баллдан жоғары тұр», - деді Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, ведомство бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Өйткені, министрлік қызметінің жоғары тиімділігіне қол жеткізу үшін 90 баллдық межені еңсеру керек. «Біз де осындай өршіл мақсатты алға жүктеп отырмыз, сол бағытта жұмыс істемекшіміз. Ең бастысы, біз нақты мүмкіндіктерімізді бағалай келе, өзіміздегі резервтерді, соның ішінде халықаралық рейтинг бойынша резервтерді де есепке алатын боламыз», - деді министр. 

Айта кетейік, бүгін Қаржы министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда ведомство қызметінің 2015 жылғы қорытындылары туралы есеп тыңдалып, алдағы жоспарлар талқыланған болатын.

Соңғы жаңалықтар