Қаржы орталығы кезінде мемлекеттік білім несиесімен оқығандарға қарыздарын жапқызу мәселесін шешіп жатыр - Т. Балықбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы орталығы кезінде мемлекеттік білім несиесімен оқығандарға қарыздарын жапқызу мәселесін шешіп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті.
«1999-2004 жылдар аралығында елімізде мемлекеттік білім грантымен қатар, мемлекеттік білім несиесімен оқыған студенттер болды. Ол балалардың саны жылына шамамен 10 мыңнан болғанын ескерсек, жалпы 50-60 мың студент осы бағытта білім алды. Атап айтқанда несие негізінде оқуға түскен кезде тиісті келісімшарт жасап, белгілі бір уақыттан кейін несиені мемлекетке қайтару туралы міндеттеме алған еді», - деп тоқталды Т. Балықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, бұл несиені қайтару мәселесімен ҚР БҒМ-ге бағынышты Қаржы орталығы айналысуда.
«Орталық қызметкерлері қазіргі кезде сол кездерде оқу орынын бітірген түлекпен арнайы хабарласып, сол несиені қайтару жүйесі бойынша арнайы кесте жасап, бұл мәселені шешіп жатыр», - деді вице-министр.
Сөз соңында Т. Балықбаев бүгінде бұл несиені толығымен жапқан түлектер бойынша ақпаратты қосымша беретіндігін атап өтті.