Қаржы пирамидасына қатысы бар деген күдікпен 14 адам қамауда отыр – ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері ішкі істер органдары қаржы пирамидаларының үстінен 27 қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы пирамидасына қатысы бар деген күдікпен 14 адам қамауда отыр – ІІМ

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ҚазАқпараттың ресми сауалына жолдаған жауабында мәлім етті.

«2022 жылдың 5 айында ішкі істер органдарында қаржы пирамидалары бойынша 27 қылмыстық іс тіркеліп, оның жетеуі ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне жолданды. Компаниялардың үстінен жедел тергеу шаралары жүріп жатқандықтан, қылмыстық істің мән-жайы (оның ішінде компанияның атауы да) жариялауға жатпайды. Ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 32 тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартып отыр. Оның 14-і қамауда», - деп жазылған ведомство жауабында.

Бұған дейін қазақстандықтар қаржы пирамидасы белгілерін өздері тексере алатынын жазған едік.