15:52, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Қаржы полициясы басшысы азаматтарды қабылдады
ОРАЛ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары, генерал-майор Андрей Лукин «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалында азаматтарды қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азаматтардың өтініштеріне құлақ асқан А.Лукин сол бойда облыстық департамент басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Мәселен, бірқатар келушілердің арыз-шағымы кәсіпорындардың жалақыны уақтылы төлемеуіне байланысты болды. Жергілікті қаржы полициясына осы құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін тексеріп, шаралар алу тапсырылды. Сондай-ақ тұрғын үйді сапалы жөндемеу, ішкі істер органдарының арыз-шағымды қарауды сөзбұйдаға салатыны, қарызды қайтару жөніндегі сот шешімдерінің орындалуы кешеуілдейтіні де әңгіме болды. Мұның бәрі назардан тыс қалмайтын болады. Кейбір адамдарға нақты түсініктер берілді.
Азаматтарды қабылдауға «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков қатысты.