Қаржы полициясы органдарының қатарын жемқорлардан тазарту жұмыстары жалғасуда

Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржы полициясы органын жемқорлардан тазарту біз үшін бірінші кезектегі мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз ішкі қауіпсіздік қызметкерлері мен басқа да құқық қорғау органы өкілдерінің күшімен жүргізудеміз. Аталмыш мәселе қаржы полициясы органдарын оның беделін түсіретін адамдардан тазарту фактісі ретінде қарастырылуда», деді ресми өкіл.
Оның мәліметтеріне қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаментің бастығы С.Ноғаевқа агенттіктің алқа шешімдері мен 2008 жылдың қорытындылары бойынша өз қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны және өзінің тікелей қызметін талапқа сай жүзеге асыра алмағаны үшін қатаң сөгіс жарияланған.
Ал 2009 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша, және осы жылдың 6 айының қорытындысы негізінде оның өз қызметіне сай еместігі ескертілген. «Қазіргі таңда С.Ноғаев экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бұйрығымен орнынан босатылды. Қаржы полициясы органын жемқорлардан тазарту жұмыстары жалғаса береді», деді М.Жұманбай.