14:14, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Қаржыгерлер ең жоғары, ал ауыл шаруашылығы қызметкерлері ең төменгі жалақы алып отыр
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2008 жылдың желтоқсан айында республика бойынша бір жұмысшының орташа айлық номиналды жалақысы 72 мың 897 теңгені құраған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аталған көрсеткіш 8,9 пайызға артық.
Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2008 жылдың желтоқсанында нақты жалақы индексі 99,4 пайызды, ал жалпы өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 97,5 пайызды құраған.
Сонымен бірге, салалық құрылымдар бойынша қарастырсақ, республика бойынша ең көп жалақы алатындар қаржы саласының қызметкерлері болып табылады. Бұндай қаржыгерлердің орташа жалақысы 169,4 мың теңгені құрап, республикалық деңгейден 2,3 есеге дейін асады. Одан кейінгі орындарда кен қазу өнеркәсібі еңбеккерлері ? 147,5 мың теңге, жылжымайтын мүлік операцияларын жүзеге асыру саласы - 117,5 мың теңге, сондай-ақ көлік және байланыс саласындағы жалақы - 104,4 мың теңгені құрайды.
Ал, Агенттіктің мәліметтері бойынша ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығы жұмысшылары мен балық шаруашылығы қызметкерлеріне тиесілі болып отыр. Бұл саладағылардың орташа еңбекақысы сәйкесінше 37 мың 307 және 26 мың 794 теңгені құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 50-60 пайызға дейін төмен болып отыр.