KASE Мәскеу биржасына тиесілі 13% акцияны қайтадан өзіне сатып алу керек - сарапшы

Расул Рысмамбетов
Фото: Facebook/Расул Рысмамбетов

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов KASE-нің 13% акциясын ұстап отырған Мәскеу биржасының АҚШ санкциясына ілінуі туралы пікір білдірді.

Еске салайық, АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасы Қазақстан қор биржасының 13 пайыз пакетін ұстап отырған «Московская биржа» жария акционерлік қоғамына санкция салынғанын жариялаған еді. KASE бұл шектеудің қазақстандық биржа жұмысына ешқандай кері әсері болмайтынын мәлімдеді. Расул Рысмамбетов те осы пайыммен келісіп отыр.

«Меніңше, ол бізге ешқандай зиян келтірмейді. Себебі, Қазақстан қор биржасындағы MOEX («Московская биржа» жария акционерлік қоғамы) ұстап отырған акциялар – бақылаушы пакет емес, бар болғаны 13 пайыз ғана. Бірақ бұл мәселені бәрібір АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасымен талқылау керек. Олармен жақсылап сөйлесу қажет. MOEX-ке салынған санкция жалғасса, сол 13 пайыздық пакетті KASE өзіне сатып алу керек. Ең қауіпсіз жолы осы деп ойлаймын», - деді сарапшы.

Қаржыгер KASE-ге бұдан былай аталған ресейлік биржадан іргесін аулағырақ ұстаған дұрыс дегенді айтты.

«KASE-нің өзі де MOEX-пен қарым-қатынасты жалғастыру мәселесін қарастыратынын айтыпты ғой. Осының бәрін ескерсек, ешқандай байбалам болмау керек. MOEX деген – технологиялық инвестор. Сол технологиялық бағдарламалары арқылы KASE-ден үлес сатып алған. Қазір ешқандай тәуекел жоқ. Менің білуімше, OFAC-тан (Office of Foreign Assets Control – АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасы) бізге ешқандай хат келмеген. Хат келген болса, алаңдауға болар еді. Бірақ бәрібір де бәледен аулақ болайық десек, 13 пайыз үлесті қайта өзімізге сатып алған жөн. Бұл мәселенің ең дұрыс шешімі осы деп ойлаймын», - деп Расул Рысмамбетов пайымын тағы бір нақтылады.

Осыған дейін Қазақстан қор биржасы ( KASE) АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасы жариялаған ақпаратқа түсініктеме бергенін жазған едік.

Сонда-ақ  бүгін Сенаттың жалпы отырыснда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов те Мәскеу биржасының қызметін тоқтатуы KASE-ге әсер ете қоймайды деген пікірін білдірді. 

 

Соңғы жаңалықтар