Қашаған кен орнындағы бірінші мұнайды өндіру 2012 жылдың аяғында басталады - Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Атырау облысына жұмыс сапары барысында Каспий теңізінің Қашаған кен орнындағы «Д» жасанды аралына барған кезінде айтты.
«Біз 2012 жылдың аяғында бірінші мұнайды алу алдында тұрмыз. Ол мұнай содан кейін «Болашақ» зауытына түседі (мұнайды дайындайтын құрылғы). Бірінші сатыда мұнда жылына 50 млн. тонна мұнай өндіріледі», деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Атырау қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан кен орнына Мемлекет басшысы тікұшақпен келді. Жобаның операторы болып табылатын NCOC компаниясының басшылығы Президентке жасанды «Д» аралында орналасқан өндірістік нысандарды көрсетті. Қосымша шағын бұрғылар шағын жасанды аралдарда орналасқан. Олардан мұнай құбыр желілері арқылы аралдар мен мұз қорғаныс қоршауларынан құралған алғашқы қызметтік-техникалық кешен болатын «Д» аралына келіп ағылатын болады. Кешен Қашаған кен орнын игерудің бірінші сатысында теңіз нысандарын біріктіреді. Жобаның жүзеге асырыла бастауымен жаңа аралдар құрылатын болады.
«Д» аралынан 3 құбыр арқылы мұнай Атыраудан 30 шақырым жердегі Қаратабан елді мекеніндегі құрылысы аяқталуы тиіс «Болашақ» құрылымына жеткізіледі.
Мемлекет басшысына хабарланғандай, «Д» аралындағы кен орнын игерудің бірінші сатысында тәулігіне 370 мың баррель мұнай өндірілетін болады, оданкейін бұл ауқым тәулігіне 450 мың баррельге дейін жеткізіледі. Бірақ өндіру шегінде өндірілетін қашағандық мұнайдың ауқымын тәулігіне 1,5 млн. баррельге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Аралдың пайдалануға берілуі мерзімінде мұнда 300 адам тартылады.
Солтүстік-Каспий жобасындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысқаннан кейін Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен және «Орталық-Аймақ» және «Аймақ-Орталық» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметшілермен кездесті.