Кашмирдегі қарулы шабуыл: Үндістан шұғыл әрекетке көшті

АСТАНА. KAZINFORM – Үндістан басқаратын Кашмирдегі танымал туристік орталықта қарулы адамдар тобы 26 адамды өлтіргеннен кейін Үндістан Пәкістанға қарсы шараларды жариялады, деп хабарлайды ВВС.

 Кашмирдегі қарулы шабуыл: Үндістан шұғыл әрекетке көшті
Фото: АА

Қабылданған шаралар қатарына екі ел арасындағы негізгі шекара өткелін жабу, суды бөлісу туралы келісімді тоқтату, дипломаттарды шығару және кейбір пәкістандықтардың елден 48 сағат ішінде кетуін талап ету кірді.

Өзінің шабуылға қатысы жоқ деп санайтын Пәкістан билігі бейсенбі күні жауап беру үшін кездесу өткізеді, деп мәлімдеді Пәкістан сыртқы істер министрі.

Пахалгамдағы шабуыл  соңғы уақыттағы аймақтағы ең қанды оқиғалардың бірі болды және онсыз да шиеленіскен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі қиындата түсуі мүмкін.

Үндістан үкіметі бұл шабуылға қатаң жауап беріп, жауапкершілікті жанама түрде Пәкістанға жүктеп отыр.

- Бұл жантүршігерлік әрекеттің артында тұрғандар жазаланады. Лаңкестікпен күресудегі біздің шешіміміз айнымайды және одан әрі күшейе түседі – деді Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

Үндістан сондай-ақ ондаған жылдар бойы шиеленіске төтеп бере алған 1960 жылғы Инд сулары туралы келісімді тоқтататынын мәлімдеді.

Үндістан қауіпсіздік қызметтерінің мәліметінше, шабуылдың артында «Кашмир қарсыласуы» деп аталатын топ тұр.

Сәрсенбі күні кешке шабуылдаушыларды іздеу жалғасты. Пәкістан үкіметі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысы бейсенбі күні өтетінін хабарлады.

Пахалгамдағы шабуылдан кейін Пәкістан Сыртқы істер министрлігі туристердің өліміне алаңдаушылық білдіріп, көңіл айтты.

Сондай-ақ Үндістан тарапынан сәрсенбі күні қолға алынған шараларға сәйкес, Дели елішілігіндегі пәкістандық әскер кеңесшілерге шұғыл түрде елден кету бұйырылды, келесі аптада тағы дипломаттарды елден шығару жоспарланып отыр.

Бұған дейін Кашмирдің Үндістан бөлігінде қарулы адамдар туристер тобына оқ жаудырған. Полицияның мәліметінше, 26 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды, деп хабарлайды ВВС

Үнділік баспасөздің хабарлауынша, қаза болғандардың екеуі Непал және БАӘ азаматтары, тағы екеуі – жергілікті тұрғындар, қалғандары Үндістанның басқа аймақтарынан келген туристер еді.

Атыс болған Пахалгам – туристер үшін танымал орын. Ол Үндістан мен Пәкістан таласып отырған даулы аумақ, Үндістанның бақылауында. Ондағы халық негізінен мұсылмандар.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айтқанын жазған болатынбыз.

Президент халыққа қарсы жасалған бұл зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын жеткізіп, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Соңғы жаңалықтар