Қашықтан оқытуға қаржы бөлінген жоқ – Білім және ғылым министрі
«Кеше қашықтан оқытуға қаржы бөлуге қатысты көтерілген мәселелерге орай бірнеше сөз айтқым келеді. Бүгінде БАҚ-та көптеген түрлі ақпараттар тарап жатыр. Біреулер қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінді дегенді айтып жүр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, өткен оқу жылының 4-тоқсанында қашықтан оқуға көшіру мәжбүрлі шара болған.
«Бұл ақпарат шындыққа сай емес. Өйткені, қашықтан оқыту осы жылдың сәуір айында ғана енгізіле бастады. 4-тоқсанда қашықтан оқытуды жүзеге асыру жайында айтар болсақ, оған қаражат бөлінген жоқ. Себебі, сол уақытта, 4-тоқсанда біздің интернет-платформалар барлық ресурстарын ашып қойды. Төтенше жағдай режимі кезеңі болғандықтан бұл толықтай тегін жасалды. Біз әріптестерімізге өтініш жасадық, олар қолдау көрсетті. Бұған қоса, 4-тоқсанда телевизиялық сабақтар да тегін түсіріліп, көрсетілді», - деді Асхат Аймағамбетов.