Қасиетті күй өнерінің өлмейтіні анық – Еркін Нұрымбетов

None
Фото: Еркін Нұрымбетовтың жеке мұрағатынан
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Осы мерекеге орай Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Еркін Шаяхметұлы, домбырашылық жолға қалай түстің, алдымен соған тоқталсаң? Өзіңнің ұстаздарың жөнінде айтып өтсең?

- Өзім Қызылорда қаласында туып-өстім. Өнерлі, бармағынан бал тамған домбырашы болсын деген шығар, әжем жеті жасымда шаһардағы №1 музыка мектебіне жетелеп апарды. Ең алғашқы ұстазым Махамбет Мәмбетназаров домбырашылық қырымды ашумен бірге жан-жақты білімді болып, музыка теориясын терең меңгеру үшін бар білген-түйгенін аяған жоқ. Соның нәтижесінде мектепті үздік тәмамдап, музыкалық училищеге оқуға түсіп, онда Айтберген Жаңбыршиевтен тәлім алдым. Мұнда соңғы курста жүргенде, Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесіне композитор Ермұрат Үсеновтің класына түсіп, оны да үздік бітірдім. 1992 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына Айтқали Жайымовтың класына қабылдандым. Оркестр мен дирижерлық мамандық бойынша Төлепберген Абдрашев, аспаптану, аспаптандырудан Кенжебек Күмісбеков, Базарбай Жұманиязов сынды елге мәлім өнер тарландарынан дәріс алдым. Өмір жолында белгілі бір белестерге жетсем, осы ұстаздарымның арқасы деп білемін. Қай-қайсысын да әлі күнге дейін құрмет тұтамын.

1992 жылы қазақтың қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде бастапқыда домбырашы, кейін дирижер ретінде он жыл қызмет атқардым. 2001 жылы өмірімнің арнасы күрт бұрылып, Ақ Жайық өңіріне жол тарттым. Батыс Қазақстанда құрылып жатқан оркестрдің негізін қалаған Қырымгерей Қажымов ағамызға көмекші дирижер ретінде сауатты музыкант керек деп осында шақырды. Атақты күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің игі ықпалы тиді. Содан бері Оралда еңбек етіп келемін.


- Құймақұлақ домбырашылар мен күйді нотамен үйренетіндер арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсың?

- Әрине, құймақұлақтық ежелден келе жатқан өнер ғой. Ол кезде бәрі де ауызша дамыды, күйшілер нота дегенді білген жоқ. Шын мәнісінде бір рет тартқанды қағып алып, айнытпай салу оңай дүние емес. Ондай өнер кез келген адамға дари бермеген. Айырмашылығы қандай десек, оқыған домбырашының ерекшелігі нота тани білуінде ғой. Өз басым жеке орындаушылықтан гөрі оркестрант болғым келді, яғни ұжымдық өнер ұнайтын. Құрманғазы, кейін Дәулеткерей атындағы оркестрде де бірігіп ойнау жаныма жақын болды. Оның үстіне теориялық біліміме байланысты композиторлық қырларым көріне бастады. Кез келген шығарманы ансамбль немесе оркестрге түсіруді үйрендім. Кәсіби музыкант кез келген нотаны жайып жіберіп, соны бірден орындай білуі керек. 2001 жылы Оралға келгенде, оркестр қорында 54 туынды болды, қазір көп жылғы еңбектің нәтижесінде 1 мыңнан асты. Бұрын, мысалы, бір шығарманы бір апта бойы дайындайтынбыз. Әуелі қара жұмысын атқарып, үш күннен кейін бірігіп ойнауға көшетінбіз. Қазір екі-үш рет тартқаннан кейін-ақ концертке шығаратын болдық, яғни меңгеру мерзімі әлдеқайда қысқарды.


- Қазақстанда қасиетті күй өнерін дамыту үшін не қажет?

- Бұған айтарым, әр өңірдің өзінің мектебі болады. Академик Ахмет Жұбанов жеті домбырашылық мектеп бар десе, кейін олардың саны көбейді. Мысалы, Батыс Қазақстанда төкпе күй жанры дамыса, соның ішінде Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің, сондай-ақ Маңғыстау, Қазанғап мектебі болып бөлінеді. Біріншіден, сол әр өңірдің күйлерін білу керек. Сосын түпнұсқасынан айнытпай орындай білудің өзі үлкен біліктілікті қажет етеді. Жеке орындаушылық қана емес, оркестрмен бірге ойнай білу маңызды дер едім.


- Күйтартысқа қалай қарайсың, керек пе?

- Бұл жерде күйтартыс жеке орындаушылар үшін міндетті түрде керек деп ойлаймын. Өйткені әрбір орындаушы ертеректегі бабалардың дәстүрі бойынша өз жанынан күй шығарған композитор да болған. Күйтартыс дегеніміз – импровизация. Кез келген тақырыпта күй тарта білу домбырашылықтың шыңы болып саналады. Сондықтан күйтартыс қажет.

- Өзің жетекшілік ететін Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің академиялық атақ алуы үшін не жетіспей жүр?

- Академиялық атақ кез келген оркестрдің кәсіби деңгейін көрсетеді. Қазақстанда академиялық атақты алдымен Құрманғазы оркестрі алса, кейін оған Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы», Тәттімбет атындағы Қарағанды, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық қазақ аспаптары оркестрлері қол жеткізді. Сол секілді Астана мемлекеттік филармониясы академиялық болғандықтан, оның құрамындағы барлық өнер ұжымдары академиялық болып саналады. Дәулеткерей оркестрін сондай деңгейге жеткізсем деген Қырымгерей Қажымовтың арманы еді, соған жете алмай кетті. Академиялық атану үшін оркестрдің құрамы толық болуы керек. Екіншіден, жақсы еңбектері бағалануы қажет. Менің ойымша, музыканттардан гөрі басшылық тарапынан қолдау жетіспей жүр деп ойлаймын. Оркестр құрылған 22 жылдың ішінде бірде-бір рет алыс шетелге толық құрамда шықпаған екен. Гастрольдік сапарлар ұйымдастырылмаса, басқа не айтуға болады? Екіншіден, музыканттардың жалақысы дұрыс болып, аспаптармен толық қамтылуы керек. Оркестр мүшелері өздерінің жеке домбыраларымен ойнап жүр. Ұлттық киімдеріміз, Құдайға шүкір, бар. Шетел өз алдына, Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда толық құрамда концерт қойсақ, оркестр мен музыканттардың шеберлігі мен деңгейінің өсуіне септесер еді. Әйтпесе өз қазанымызда өзіміз қайнап жүре береміз. Сосын атақ мәселесі де бар. Қырымгерей Қажымовтың өзі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын әбден жасы жеткенде алды. Атағы бар жетекші солистер көп болса, соған да қарайды.


- Елімізде дирижерлық өнердің дамуы қандай деңгейде?

- Қазақстанда ең бірінші иығына фрак киіп, дирижерлық тұғырда көрінген Ахмет Жұбанов еді. Содан кейін Шамғон Қажығалиев консерваторияда дирижерлық кафедрасын ашып, одан әрі дамытты. Сол консерваторияны бітіргендер арасынан мықты дирижерлар тәрбиеленіп шықты. Бұл дәстүрді орта және кейінгі буын өкілдері жалғастырып келеді. Дирижердың кәсіби деңгейде қалыптасуына республикалық және халықаралық конкурстар ықпал етеді деп айтар едім. Ең алғаш 2001 жылы Оралда Шамғон Қажығалиев атындағы республикалық конкурс өтті. Сосын бұл үрдіс Алматыда Нұрғиса Тілендиев, Талдықорғанда Мұқан Төлебаев, Ақтауда Боздақ Рзаханов, Атырауда Сейілхан Құсайынов пен Рысбай Ғабдиев, Астанада Айтқали Жайымов атындағы байқауларға жалғасты. Бұл конкурстардың берері не? Ең алдымен дирижерлар мұндай мектептен өтуі керек. Сонда ысылады, тәжірибе жинақтайды. Менің өзіме де көп көмегі тиді. Ақтауда бас жүлде алғаннан кейін ғана конкурсант ретінде қатысуды қойдым. Ең бірінші дирижердың классикалық бағыты болуы керек. Оның басты мақсаты – композитордың жазған шығармасын оркестр арқылы тыңдарманға жеткізу. Соңғы кезде кейбір дирижерлар оркестр мен халықты шатастырып алған секілді. Мысалы, оркестрге емес, халыққа қарап тұрып дирижерлық жасайтындар бар. Дирижер көрерменді алаңдатпауы тиіс, ол сайқымазақ емес.


- Соңғы сауал, өзің күйші, дирижер әрі композитор, зайыбың Жәмила қобызшы, отбасыңда осы өнерді жалғастырушылар бар ма?

- Иә, Жәмила да - жақсы қобызшы, кәсіби маман. Құрманғазы оркестрінде алған білім-білігін жетілдіріп, Оралда жалғастырып келеді. Дәулеткерей оркестріндегі қобыз тобындағы өнерпаздардың бәрі – оның шәкірттері. Республикалық байқауларда оза шауып, бәйге алып жүргендері де баршылық. Домбырадан өзімнің де шәкірттерім аз емес, композиторлық бағыттағы жұмыстарым көрініп жатыр. Енді балаларымыздың музыкант болғанын өзіміз қаламадық, яғни қыстамадық. Ұлым Өмірзақ домбыра тартады, бірақ басқа салада жұмыс істейді. Қызым Ақерке де – ағылшын тілінің маманы. Қос егіз немереме ұлы композиторлар Дәулеткерей мен Әлшекейдің атын қойдық. Бәлкім, солар өнер жолына түсе ме деп үміттенеміз.

Қорыта айтқанда, қасиетті күй өнерінің өлмейтіні анық.

- Әңгімеңе рахмет! Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

***

Еркін Шаяхметұлы Нұрымбетов 1973 жылы 24 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің (1992) және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының (1992-1997) «домбырашы», «этномузыкатанушы», «оркестр дирижеры» (1998-2000) мамандықтары бойынша үздік бітірген түлегі. Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде домбырашы-дирижер (1992-2001) болып еңбек етті.

2001 жылдан Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінде қызмет етіп келеді, қазір көркемдік жетекшісі және бас дирижеры. Е.Нұрымбетов – Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі (2006), «Құрмет» орденінің иегері (2016), мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (2006), мәдениет саласының үздігі (2015), республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері (2018), Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі (2019), Күйшілер одағының құрметті мүшесі (2021).

Елуден астам әндердің авторы, жеке аспаптар – домбыра, қобыз, саз-сырнай, виолончель мен фортепианоға және оркестрге арналған шығармалар жазған композитор.

Жеке саз-сырнай мен оркестрге арналған «Балдырған» шығармасы композиторлардың республикалық «Астана-Бәйтерек» конкурсында 2 орын иемденсе, «Елім менің» патриоттық әндер конкурсында «Қазақстаным» әні (2002) және Жамбылдың «Ұлы Отанға» күйін (2021) оркестрге өңдеп, лауреат атанды. Халық қаһарманы, композитор Н.Тілендиевке арнаған «Дара тұлға» поэмасы (2008) қоғамдық маңызы бар шығарма есебінде мемлекеттік грант жеңіп алды. Фортепианоға жазылған «Мыстан кемпір» пьесасы (2011) М.Төлебаев атындағы композиторлар конкурсының балаларға арналған шығармалар номинациясының жүлдегері болды.


Шамғон Қажығалиев (2001 ж. Орал), Нұрғиса Тілендиев (2004 ж. Алматы), Мұқан Төлебаев (2011 ж. Талдықорған), Боздақ Рзаханов (2013 ж. Ақтау, Гран-при) атындағы І республикалық дирижерлер конкурстарының лауреаты атанды.

Еркін Нұрымбетов – Қазақстан композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттап, академиялық Құрманғазы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы», Тәттімбет атындағы Қарағанды, Астана мемлекеттік филармониясының және түрлі облыстық А.Жұбанов, М.Төлебаев, Тұрмағанбет, Абыл, Дина атындағы оркестрлермен шығармашылық концерттерін өткізіп жүрген дирижер-орындаушы. Композиторлар одағының Оралдағы замануи музыка фестивальдерінің және Ш.Қажығалиев атындағы ІІ, ІІІ республикалық дирижерлер конкурстарының, сондай-ақ, Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына арналған «Күй-live» онлайн конкурсының ұйымдастырушысы. Сонымен қатар ол 500-ден астам шығармаларды халық оркестрлері мен фольклорлық ансамбльдерге арнайы лайықтап түсірген өңдеуші.

Оның шәкірттері – түрлі халықаралық фестивальдер мен республикалық конкурстардың лауреаттары. Ұжым жетекшісі ретінде Ресей, Украина, Түркия, Польша, Болгария, Германия, Чехия, Италия елдерінде болып, жүлделі орындарға қол жеткізген.

Е.Нұрымбетов – халық композиторларының өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше ғылыми-зерттеу мақалалар мен оқу-әдістемелік жұмыстардың, әндер мен аспаптық шығармалар және партитуралар жинақтарының авторы.

Жары Жәмила Нұрымбетова – қобызшы, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты. Дәулеткерей атындағы оркестрдің концертмейстері, педагогика ғылымдарының магистрі.



Соңғы жаңалықтар