Қасым-Жомарт Тоқаев «Аваза» конгресс-орталығына барды
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясының делегация басшыларын ресми қарсы алу рәсіміне қатысу үшін «Аваза» конгресс-орталығына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды.
Осыған дейін әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов аз-кем әңгімелескені туралы жаздық.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түрікменстан ынтымақтастығы өркендеп, қарқын ала түскенін атап өтті.
– Құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич, Сізбен қасиетті түрікмен жерінде, бауырлас Түрікменстанда қайта жүздескеніме қуаныштымын. Шақыруыңызды шын ниетпен қабыл алдым. БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен осындай форум өткізу – үлкен жетістік. Бұл 30 жылдан бері бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Түрікменстанның халықаралық абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді. Қазақстан аталған саясатты толығымен қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.