Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты
АСТАНА. KAZINFORM – Мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Ең алдымен, баршаңызға дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуы құтты болсын! Бұл – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін!, - деді Президент.
Мемлекет басшысы шын мәнінде мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатқанын баса айтты.
- Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұстаздардың тамыз конференциясы басталғанын жазғанбыз.